​Түркістан облысында "Руxани жаңғыру" бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында кеңес өтті

0
2 300


​Түркістан облысында

Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мәжіліс залында «Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті, деп xабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оған зиялы қауым, өлкетенушылар, басқарма басшылары, қоғам белсенділері, ұстаздар мен ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды. Ол облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша нақтылы жұмыстар атқарылды. Облыста өңірлік комиссия, сарапшылар кеңесі мен Жобалық кеңсе құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Түркістан облысының тарихи және туристік орындары жөнінде ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдерінде арнайы роликтер әзірленіп жатыр.

Биыл Түркістан облысының 25 қаламгерінің жеке сайттары әзірленіп, өңірдегі 10 ақын-жазушының кітаптары шығарылады. Бұл руханият саласына оң әсер береді деген сенімдеміз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында 3 анимациялық және 1 кинофильм түсіріліп, республикалық деңгейдегі 10 сарапшының зерттеу мақаласы әзірленеді. Атап айтсақ, «Ордабасы — бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» мультфильмдері мен «Төлеби» фильмі түсіріліп жатыр. Сонымен қатар, «Таңбалы тастар — бабалар ізімен» Түркістан Қаратау жотасы бойынша баспасөз туры өткізіліп, «Өлкетану» облыстық сайты ашылады.

Тағы бір айта кетерлігі, «Таңғажайып Түркістан» атты әлеуметтік желі қолданушыларының байқауы ұйымдастырылады. «Рухани жаңғыру» — бірнеше жылға ғана арналған емес, үздіксіз жұмыс істеуді талап ететін бағдарлама, — деді басқарма басшысы.

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 басымдығы, яғни бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы негізінде 6 арнайы жоба әзірленіп, нақты іс-шаралар жүзеге асырылған. Жобалық кеңседе 46 жоба әзірленіп, 168 іс-шара қолға алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 836 елді мекенде 3481 іс-шара өтіп, оған 1 млн. 169 мың адам қатысты.


Биыл Түркістан облысының шежірелі орындары туралы аңыз-әңгімелер жинағын және облыстың туризмі мен тарихынан сыр шертетін туындылар шығаруға облыстық бюджет есебінен 5 млн. 580 мың теңге қаржы қаралып, кітаптар дайындалып жатыр.

Дәлірек айтсақ, Оңтүстік өңірінің аңыз-әпсаналарынан жинақ шығарылса, «Түркістанның көне қалалары», «Түркістанның таңғажайып табиғаты» фотоальбомы жарық көрмек. Жиында «Өлкетану» жобасының авторларының бірі, тарихшы ұстаз Өмір Шыныбекұлы, «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңесбай Исмаилов баяндамалары мен пікірлері тыңдалды. "Рухани жаңғыру" штабының төрағасы Бақытжан Әшірбеков 8 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Сонымен қатар, өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Ұсыныстар мен ойлардың маңыздылары ескеріліп, өңірлік Жобалық кеңсенің жұмыс жоспарына енгізіледі.