Түркістан облысында шіркейге қарсы күрес жалғаса береді

0
913

"Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді".


Түркістан облысында шіркейге қарсы күрес жалғаса береді

Түркістан облысында шіркеймен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Satti tulik» ЖШС-і директорының орынбасары Қайрат Ерменов айтты.


Сырдария өзені бойымен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы орналасқан елдімекендерде шіркейлердің көбеюі соңғы бірнеше жылда қалыпты жағдайға айналған. Дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сауран, Отырар, Шардара аудандары белгіленген. Залалсыздандырылатын аумақ көлемі – 7 713,1 га.


"Өңірімізде шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктермен күрес жұмыстары тоқтаған жоқ. Яғни, химиялық және биологиялық әдістерімен өңделіп жатыр. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жалпы 17 052,9 га аумақ химиялық әдіспен және Сырдария өзеніне биологиялық әдіспен 4 кезең бойынша суға төгу жұмыстары атқарылды. Химиялық әдіспен Түркістан қаласы аумағында 386,4 га, Кентау қаласы аумағында 37,9 га, Арыс қаласы аумағында 279,23 га, Отырар ауданы аумағында 166,3 га, Сауран ауданы аумағында 107,5 га, Шардара ауданы аумағында 243,8 га жер теліміне 3 реттен дезинсекция шаралары жүргізілді. Бұл жұмыстарды сапалы орындау мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, жұмысшы топ құрылған", - деді Қайрат Ерменұлы.


Сонымен қатар, Сырдария өзенінің Арыс қаласынан өтетін жеріне 22680 л, Отырар аумағынан өтетін жеріне 12960 л, Шардара аумағынан өтетін жеріне 9720 л бактицид препараты қолданылып, биологиялық әдіспен өңделген.


Жауапты сала өкілінің пікірінше, былтырғы жылға қарағанда шіркейлердің саны биыл 4-5 есе көп.


«Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-ке жуық техника, 80-нен астам жұмысшы жұмылдырылды. Жалпы, шіркейлерді түгелдей жою мүмкін емес. Тек санын азайту бағытында жыл сайын жұмыс істейміз. Жұмыстар жалғасады», - деді ол.


Брифинг барысында Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бахтыбек Убайдин өңірде зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Басқарма өкілі өз сөзінде Сырдария өзенінің флорасы мен фаунасына зиян тигізбей, тек шіркейлердің санын азайтып, жергілікті тұрғындарды күнделікті тіршілігіне қолайлы жағдай жасалатындығын айтты. Сондай-ақ шіркейге қарсы күрес шаралары тамыз айына дейін жүйелі түрде жалғаса беретінін және басқарманың қатаң бақылауында екенін жеткізді.


Айта кетейік, мердігер «Satti Tulik» ЖШС-і тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарына байланысты зерделеу жұмыстары қолға алынған. Ғылыми зерделеу жұмыстарына 10 адам жұмылдырылған. Дезинсекция жұмыстарына 62 техника және 77 адам тартылған.