Түркістан облысында субсидияның орнына несие алу ұсынылды

0
1 436

Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков облыста атқарылған жұмыстар жөнінде брифинг берді


Түркістан облысында субсидияның орнына несие алу ұсынылды

ERNUR.KZ. Түркістан облысы Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков облыста атқарылған жұмыстар жөнінде БАҚ өкілдеріне бриффинг берді, ERNUR.KZ тілшісі.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда 2018 жылы облыс бойынша жалпы егіс көлемі 820,5 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,5 мың гектарға артқан. Биыл тамшылатып суғару әдісі 64,2 мың гектар жерге қолданылып, оның республикалық үлесі 73 пайызға жетіпті. Жылыжайлар салу бойынша республикалық үлес 80 пайызға жетіп, 1287,7 гектарды құрап отыр.

Жыл сайынғы мәселе – диқандардың ағын судан таршылық көретіні белгілі. Қазіргі кезде Мақтарал ауданына қажетті су 80 куб. Өзбекстаннан келіп жатқан су 47 куб болса, 23 кубты Маш каналынан алып отыр. Өткен жылы Арыс, Отырар өңірлерін су басқаннан кейін Бөген суқоймасына қалыпты мөлшерде су жиналмапты. Қазір аталмыш суқоймада 80 млн. куб су бар. Оның 60 пайызы Түркістанға кетсе, 40 пайызы Ордабасы ауданында қалып отыр. Әзірге бұл өңірде егістікке берілетін ағынсу бойынша 2018 жылғы тамыздың басына дейін жағдай тұрақталған. Осы ретте басқарма басшысы ағынсуды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару тәсілін меңгеру қажеттілігін айтты.

Түркістан облысы Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың сөзіне қарағанда, диқанға жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидия емес, несие қажет. Қазір мемлекет егістікке төмен пайызбен берілетін несиелерді қарастыруда. Субсидия қайтарымы жоқ қаражат көзі. Ал диқан төмен пайызбен берілетін несие алса, оның жауапкершілігін сезініп, істің көзін табады.