Түркістан облысында тағы бірнеше елдімекенді су басты

0
1 596

Тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшіріліп, жағдай жасалуда.


Түркістан облысында тағы бірнеше елдімекенді су басты

Түркістан облысында Бәйдібек, Сайрам және Төлеби аудандарының бірнеше елдімекені нөсер жауынның салдарынан суда қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

13 мамыр күні Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекеніндегі жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Оқиға орнына аудан әкімі Е.Шәріпбеков пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері барып, ауылға кірген суды өзен арнасына бұрып, түсірді. Тұрғындардың дені Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне эвакуацияланды. Соңғы мәлімет бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтыланып жатыр.

Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылған.

Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 48 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 23 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің 16 қызметкері, 10 техника және 8 мотопомпа жұмылдырылған. Орын алған жағдайлар бойынша келтірілген залал шығындары есептелуде.

Ал, Сайрам ауданында нɵсерлi жауын-шашынның салдарынан Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы 7 үйдің ауласына су жиналғаны хабарланды. Аудан әкімдігі, ТЖБ басшылығы мен ауыл əкiмдерi тарапынан дер кезінде тиісті алдын алу шаралары қабылданып, су сорғыш мотопомпаларымен үй ауласындағы суды сорып тасталды.


Төлеби ауданы

Сондай-ақ 13 мамыр күні түнге қарай Төлеби ауданы, Киелітас ауыл округі, Сұлтан-Рабат ауылы, Сауран көшесінде және Достық елдімекені Жылқыбаев көшесінде, аудан аумағында жауған нөсерлі жаңбырдың суы жалпы жиыны 77 тұрғын үйдің ауласына кіргені туралы хабарланған.

Тұрғындар Ленгер қаласындағы N8 колледжге жайғастырылып, тиісті заттармен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, Көксәйек а/о, N9 колледжде эвакуациялық бөлімше әзірленген. Оқиға орнында жергілікті әкімдік пен ТЖД қызметкерлері жұмыс істеуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысының Төлеби ауданында Қасқасу өзені арнасынан асып, 4 көпірді су шайып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.