200-ден астам спортшы қатысуда.
Түркістан облысының тоғызқұмалақ федерациясының кубогына арналған жарыс басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түлкібас ауданында «Балалар жылына» орай Түркістан облысының тоғызқұмалақ федерациясының кубогына арналған жарыс басталды. Тоғызқұмалақтың рапид түрінен жасөспірімдер арасындағы облыстың ашық турниріне көршілес Қырғыз елінің үш облысымен қатар, еліміздің 6 өңірінен және өңіріміздің 11 ауданынан 200-ден астам спортшы қатысуда.
Спорттық шараның ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт және Түркістан облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Нұрғали Мылтықбаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Кемербастау ауылдық округіне қарасты Асанбай Асқаров мектебінде өтіп жатқан жарыс жалпы екі күнге созылады. Турнир нәтижиесімен үздік атанған спортшылар арнайы марапатталады.