«Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 10 айлық жұмысы қорытындыланды.
«Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 10 айлық қорытындысы бойынша мәжіліс өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 10 айлық қорытындысы бойынша мәжіліс өтті. Мақсаты – облыс аумағында бюджет есебінен төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және мемлекет бюджетін тиімді жұмсау.
Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Мухит Ахметов, бейне-селекторлық байланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.
Мәжілісті ашқан облыс әкімінің орынбасары жергілікті атқарушы органдардың міндеттерінің бірі – бюджет қаражатын тиімді пайдалану екенін атап өтті.
«Ең бастысы, қаражатты қажетті нысандардың құрылысына жұмсау қажет. Сондай-ақ, нысандардың сапасын қадағалап, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру керек», – деді Арман Жетпісбай.
Мирас Қарғабайдың айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өңірдегі филиалының, «Түркістан–адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлерінің, Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің және жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме басшыларының, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен облысқа қарасты 14 қала, аудандардың автокөлік жолдарына мониторинг жұмыстары жүргізілген.
Жиын барысында жаңадан төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді болдырмау мәселелері талқыланды.