Түркістан облысында тозығы жеткен мектептер сүріледі

0
867

Олардың орнына жаңа ғимараттар салынатын болады.


Түркістан облысында тозығы жеткен мектептер сүріледі

Түлкібас ауданында тозығы жеткен мектептер сүріледі, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы тозығы жеткен 2 білім ошағының орнына жаңа ғимараттар салынатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған іссапарында тапсырманы берді. Облыс басшысы Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Еңбекші ауылындағы тозығы жеткен мектеп қабырғасы кезінде асар әдісімен қаланған. Іргетасы шөгіп, жалғанған қосымша бөлмелері жарыла бастаған. Бала санының артуынан, бірқатар оқушылар көрші ауылдағы мектепке қатынап оқиды. Оқу процесін жақсартып, оқушыларға сапалы білім беру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Енді 150 орындық Н.Тұрсынбеков атындағы негізгі мектеп сүріліп, орнына жаңа ғимарат бой көтереді.

Майлыкент ауыл округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылында да 300 орынға арналған мектеп құрылысы басталмақ. Білім ұясы бүгінде «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің» ескі, мектеп ғимаратының талаптарына сәйкес келмейтін зертханалық корпусында орналасқан. Мұнда қазір Тұрар Рысқұлов ауылындағы 3 мөлтек ауданның оқушылары білім алуда. Жаңа мектеп құрылысына 1,92 га жерге құжаты дайындалып, жергілікті бюджет есебінен жаңа мектеп бой көтеретін болады.

Аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы тиісті басқарма басшыларына білім саласына қатысты осынау өзекті мәселені қатаң қадағалап, құрылыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілуін бақылауды тапсырды.