Түркістан облысының 13 ауылы таза ауызсуға зәру

0
2 617

Ауызсусыз отырған тұрғындар 10 күн бойына аптап ыстықта қаталап отырғандарын айтады


Түркістан облысының 13 ауылы таза ауызсуға зәру

ERNUR.KZ. Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы 4 ауылдың халқы таза ауызсусыз күн кешуде, деп жазады ERNUR.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Ауызсусыз отырған тұрғындар 10 күн бойына аптап ыстықта қаталап отырғандарын айтады. Жылдар бойы ағып тұрған судың ауылға неліктен келмей жатқандығын жауапты «Таза су» мемлекеттік мекемесі де анықтай алмаған.

Қазығұрт ауданындағы Еңбекші елді мекенінде 200-ден аса үй бар. Халқының саны 1500-ден асады. Ауылға 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен таза ауызсу тартылған. Содан бері судан тарықпағанхалық ауызсудың жоқтығына 10 күн болды дейді.

Еңбекші елді мекені шөлді ауыл санатына жатқызылған. Ауыл халқы 10 күннен бері лас су ішуге мәжбүр болып отыр. Таза ауызсу мәселесі тек Еңбекші де ғана емес көрші Қызылдала, Шанақ, Ақжар ауылдарында да орын алған.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, негізгі су мәселесі Қарақияда болып тұр», – дейді еңбекшіліктер.

Аталған төрт ауылға баратын таза су осы Қарақия елді мекенінен өтеді. Ал мұндағы жергілікті халық құбырды таспен бекітіп, су бермеу әрекетіне көшкен. Ақбура әулие бұлағынан таралатын суға тартыс көп.

Еңбекші ауылының тұрғыны Бекжан Найманбаев: «Қарақия суды бұрып алады. Халықтың не кінәсі бар? Келген суға ақшасын төлеп тұр. Бастапқыда тәулік бойы ағып тұрған су еді. 2-3 жыл дұрыс жасады да, енді алға қарай жылжудың орнына артқа қарай кетіп бара жатыр», - дейді.

«Біз экологиялық жерде тұрамыз, күн ыстық. Сусыз өмір сүріп жатырмыз. Балаларды шомылдырудан қалдық», - дейді Қызылдала ауылының тұрғыны Қадірбек Кәтжанов

Аудандағы тұрғындар тұтынатын суға жауапты мемлекеттік мекеме «Таза су» қазір ауылдарға не себепті судың келмеуін анықтау үшін жер асты арқылы өтетін 13 шақырымдық құбырды әр он метр сайын ашып көріп, жұмыс жүргізуде. Шенділер алдағы екі-үш күнде судың себеп-салдары толық анықталып, таза су қаталаған халыққа жетеді деп сендірді.

Қазығұрт аудандық «Таза су» КММ директоры Сейітқали Сапарәлиев: «Еңбекші ауылына су бармай, соның тапшылығы болып отыр. Бір ақау болып, су бітеліп, соны таппай жатырмыз. Құбырдың ортасында тас тұруы мүмкін. Балдыр деген шөп бар, сол тұруы мүмкін. Соны анықтап, 2-3 күнде қосамыз деп отырмыз. Оған дейін суды көлікпен тасымалдап, елге жеткізіп береміз», - деді.

Қазіргі таңда Қазығұрт ауданының 13 ауылы таза ауызсуға зәру. «Оның 10 елді мекеніне сметалық құжаттары жасалып, қазына қаржысының бөлінуін күтуде», – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер.