Түркістан облысының жедел-жәрдем қызметі 77 көлікпен толықты

0
784

Келесі жылы бригадалар санын 150-ге дейін арттырып, медициналық жедел-жәрдем қызметін одан әрі жетілдіру жоспарланған.


Түркістан облысының жедел-жәрдем қызметі 77 көлікпен толықты

Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем стансасына 77 санитарлық көлік берілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, отандық өндірістегі жедел-жәрдем көліктерінің жасақталуымен танысты.

«Коронавирус індетімен күрес мақсатында елде медицина саласына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Барлық елді мекендерде осындай жаңару бар. Жаңа көліктер ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, жедел-жәрдем паркін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда, сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келіп отыр. Еңбектеріңіз халыққа денсаулық, қуаныш сыйлап, табысты болсын», - деді аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы.

Жедел-жәрдем көліктері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мамандандырылған реанимациялық емдік шараларын көрсетуге мүмкіндік беретінавтокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф, реанимациялық көмек көрсетуге арналған чемодан, жылжымалы зембіл, пульсоксиметр, редуктор-ингалятор және электрсорғыштармен жасақталған. Жыл соңына дейін қосымша 45 дана санитарлық автокөлікпен жабдықтау көзделген.

Жалпы, күн сайын облыстық жедел-жәрдем стансасының 124 бригадасы шақыртуға шығады. Тәулігіне орташа есеппен 2000-ға жуық қоңырау түсуде. Келесі жылы бригадалар санын 150-ге дейін арттырып, медициналық жедел-жәрдем қызметін одан әрі жетілдіру жоспарланған.