«Қош махаббат» спектаклінен үзінді қойып, вокал үйірмесінің білімгерлері ақын өлеңдерінен поппури орындады.
Түркістандағы Оқушылар сарайында «Айтатын саған сырым бұл» атты поэзия кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы «Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубында Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Айтатын саған сырым бұл» атты поэзия кеші өтті. Оған үйірме білімгерлері, ұстаздар мен қызметкерлер, ата-аналар, мәдениет және БАҚ саласының өкілдері қатысты. Дарынды жастар өнер көрсеткен мәдени іс-шараны мекеме директоры Индира Икапова ашып беріп, ақынның мол мұрасы мәңгі жасай беретінін жеткізді.
«Бүгін өмірі мен өлеңін егіз құбылысқа балап: «Поэзия, менімен егіз бе едің?» - деп жырлаған мұзбалақ ақын Мұқалағи Мақатаевтың жырларына қанық болғалы отырмыз. Ол өз заманында лайықты бағасын ала алмаса да, бар ғұмырын қазақ поэзиясының өркендеуіне арнаған тұлға. Айналамыздағы барлық тақырыпқа жыр арнап, өміршең өлең жаза алған ақын. Сондықтан бүгінгі поэзия кеші бүгін мен болашақты байланыстырар рухани азық болады деп үміттенемін», - деді Индира Сарқытқызы өз сөзінде.
Атап өтсек, поэзия кешінде «Оқушылар сарайындағы» «Самғау» балалар және жасөспірімдер театрының әртістері «Қош махаббат» спектаклінен үзінді қойып, вокал үйірмесінің білімгерлері ақын өлеңдерінен поппури орындады. Сонымен қатар, мәдени іс-шарада Түркістан музыкалық драма театрының актерлары мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттері де өнер көрсетті. Сондай-ақ, вокал үйірмесінің оқушылары ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнін шырқап, көрермендерге ерекше сезім сыйлады.