Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан «Оқушылар сарайында» білім мен спортты ұштастырған этафеталық жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы "Оқушылар сарайы" - ЮНЕСКО клубында "Бәйге" атты спорттық этафеталық жарыс өтті. Аталған сайысқа үйірмеге қатысатын білімгерлерден құралған "Бірлік", "Шымыр", "Жүйрік", "Жалын", "Қыран" деп аталатын 5 команда қатысты.
«Спорт - денсаулық кепілі», «Білімді мыңды жығады» деген сөздер бекер айтылмаған. Сондықтан әрбір адам тұлғаға айналғысы келсе, спорт пен білімді қатар алып жүруі тиіс. Денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын сақтайтын адам түрлі жамандықтан аулақ болады. Ал, білімді, алғыр тұлға кез келген сәтте дұрыс шешім қабылдап, қателік жасамауға тырысады. Тиісінше, біз де сіздерді келешекте ақыл-ойы дамыған, денсаулығы мықты адамдардың қатарынан көргіміз келеді. Бүгінгі сайыста ақылы мен күшін сынағалы отырған барша қатысушыға сәттілік тілеймін! Шын жүйріктер жеңімпаз атансын!», - деді сайысты ашып берген мекеме директоры Индира Икапова.
Атап өтсек, сайысқа қатысушылар алдымен флешмоб орындап, командаларын таныстырды. Содан соң "Кім тапқыр?", "Кім жүйрік?", "Кім шапшаң?", "Кім мықты?", "Кім күшті?" кезеңдері бойынша білімдері мен күштерін сынап, өзара мықтыларды анықтады. Нәтиже бойынша "Бірлік" командасы - І орынға, "Жалын" командасы - ІІ орынға, "Жүйрік" командасы - ІІІ орынға ие болды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.