Түркістан сазды-драма театрының әртістері, зиялы қауым өкілдері мен бір топ шәкірттері қатысты.
Түркістанда Райымбек Сейтметовтің туғанына 85 жыл толуына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан төрінде Райымбек Сейтметовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Өнердің тарлан тұлғасы» атты еске алу кеші өтті. Іс-шара Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен және «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өтті.
Еске алу кешіне Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен бірқатар мекеме басшылары, Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, белгілі әнші, профессор Алма Қожахметова, орындаушылық өнер кафедрасының аға оқытушылары мен қарындасы Жібек Сейтметова, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының әртістері, зиялы қауым өкілдері мен бір топ шәкірттері қатысты.
Кеште Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев театр өнеріне өмірін арнаған дара тұлға жайлы, сондай-ақ Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының бүгінгі жетістігі туралы тоқталып өтті. Тұлғаның 85 жылдығын атап өту жыл соңына дейін жалғасып, күз айында республикалық театр фестивалін өткізу жоспарлануда.
Шара барысында Райымбек Сейтметов туралы бейнефильм және өлең оқыған бейнежазбасы көрермен назарына ұсынылды. Көзін көргендер қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырған талантты режиссер туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ өлең оқылып, ән шырқалды. Ал төл шәкірттерінің орындауында «Ұстазым» әні мазмұнды кешті қорытындылады.
Айта кетейік, талантты актер әрі режиссер 1938 жылы 2 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген. 1955 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын актер мамандығы бойынша бітірген. 1960 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қызметке алынады. Көптеген рөлдерді шебер сомдаған ол 1982 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Жастар мен балалар театрын басқарды.
Сол кезеңдерде көрермен арасында кеңінен танылған спектальдерді қойды. 1995 жылы кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанға театр ашуды мақсат етті. Осы қаладағы оқу ордасында актерлік өнер мамандығын қалыптастырды. 2000 жылы Райымбек Ноғайбайұлының бастамасымен Қазақстан театрларының қатарына ең жас Түркістан музыкалық драма театры қосылды.
2007 жылы 3 қараша күні Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының бас жүлдегері, Мемлекеттік және Жастар сыйлығының лауреаты, Түркістан қаласының сазды-драма театрының негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы өмірден озды.