Төрт ай бойы әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жалғасын табады.
Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі Сайрам ауданының мәдени күндерімен бастау алды. Шараның алғашқы күнінде этноауылда ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылған. Аталмыш көрмені қала қонақтары мен тұрғындары бүгін күні бойы тамашалай алады.
Ал ертең, 8 сәуір күні кешкі уақытта ұлттық салт-дәстүрлер мен спорттық ойындарды, сонымен қатар арнайы жасақталған көрмені көпшілік назарына ұсынатын болады. Фестиваль аясындағы Сайрам ауданының мәдениет күндері жексенбі күні кешкі сағат 19:00-де «Керуен сарайы» кешенінде өтетін гала-концертпен қорытындыланады. Мұнда қазақ халық театрының сахналық көрінісі, мың бұралған бишілердің әсем билері, жанды дауыста «Ақсу» фольклорлы халықтық ансамблі, «Ақсу әуендері» халықтық вокалды инструменталды ансамблі, «Ғұнча» халық ансамблі, Ибрагимовтар жанұялық ансамблінің сүйемелдеуінде күмбірлеген күйлер мен жан тербетер әндер қамтылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырып отырған аталмыш фестиваль төрт ай бойы әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жалғасын табады. Бекітілген кестеге сәйкес әр аудан-қала облыс орталығында өз өнерін көрсетеді. Фестиваль соңында үздік деп танылған аудан-қалалар бағалы сыйлықтармен және арнайы жүлдемен марапатталады.