Түркістан өңірінің туризмі көпшілікті қызықтырып жатыр

0
539

Ташкентте халықаралық туристік жәрмеңке басталды.


Түркістан өңірінің туризмі көпшілікті қызықтырып жатыр

Түркістанның туризмі әлемдік аудиторияға таныстырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ташкент қаласында «Жібек жолындағы туризм» атты халықаралық туристік жәрмеңкесі басталды. «Uzexpocentre» павильонында өтіп жатқан жиынға 300 компания, 11 мың қонақ қатысуға ниет білдірген. Жәрмеңкеге Өзбекстан Республикасының шақыртуымен Түркістан өңірінің туризм саласының өкілдері қатысып жатыр.


Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен арнайы ақпараттық алаңша құрылды. Онда қонақтар мен қатысушы компанияларға, жалпы әлемдік әртүрлі аудиторияға өңірдің туристік әлеуеті, бағыттары мен ерекшеліктері таныстырылып, жан-жақты мәліметтер ұсынылуда.


Тарихқа бай, қонақжайлықтың үлгісі саналатын Түркістан өлкесіне саяхаттау, оның ішінде туристік маршруттар, шипажайлар, қонақ үйлер және мейрамханалар жайлы ақпарат көптің қызығушылығын тудырып отыр. Қажетті мәліметтер қамтылған үнпарақтар мен имидждік заттар таратылуда. Сондай-ақ түркістандық делегация туристік жәрмеңкені аралап, басқа да қатысушы елдерге насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа серіктестік қарым-қатынастар орнату мақсатында келіссөздер де жасалуда.


Бұл жәрмеңкеден соң Түркістан облысының көршілес мемлекетпен қатар, ТМД және Еуропа елдерімен де туризм саласы бойынша халықаралық ынтымақтастығы арта түспек. Яғни туристер ағынын көбейтуге және Түркістанның туризм индустриясын ілгерілетуге оң септігін тигізеді. Делегация шетелдік әріптестермен және бизнес мамандарымен сұхбаттасу барысында саланы дамыту тәсілдері мен тәжірибелерін сөз етті.


17 қарашаға дейін жалғасатын іс-шара аясында «Ел туризмін дамытудағы мәдениеттің рөлі», «Жаңа туристік бағыттардың тұсаукесерлері», «Жекелеген өңірлердің туристік әлеуетін таныстыру», «Тұрақты туризм», «Туризмдегі Ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің рөлі» тақырыбында сессиялар өтеді. Айта кетейік, Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесі 1995 жылдан бастап БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Жыл сайын қатысушылар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналады.