ТҮРКІСТАН: Оңтүстік аумақтағы аудандарда 57 жоба іске қосылды

0
1 227

Жергілікті бюджеттен 30 млрд. теңге бөлінген.


ТҮРКІСТАН: Оңтүстік аумақтағы аудандарда 57 жоба іске қосылды

Түркістан облысындағы халық көп шоғырланған аудандарда 40 миллиард теңгенің жобалары жүзеге асырылуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл қаражатқа Өзбекстанмен шекаралас жатқан аймақтағы Шардара, Сарыағаш, Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарында 57 жоба іске қосылды. Облыс халқының тең жартысы тұратын оңтүстік аумақтар газ бен ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, кәріз жүргізіп, жолдар төселді. Балабақшалар мен мектептер, емханалар мен ауруханалар салынды. Аулалар мен саябақтар абаттандырылды. 2019 жылдың басында облысқа әкім болып тағайындалған Өмірзақ Шөкеев осы бес ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуды тапсырған болатын. Тапсырма орындалып, жұмыстар қарқыны жүріп жатыр.

Жергілікті бюджеттен сомасы 40 млрд. теңге болатын су, газ, кәріз құбырларын тарту, жол жөндеу, мектеп, аурухана, емхана, балабақша салу, парктер мен аулаларды абаттандыру бойынша 57 жоба табысты жүзеге ауда. Биыл аталған соманың 30 млрд.теңгесі бөлінген болатын. Ал келесі жылы 10 млрд.теңге қарастырылмақ. Сондай-ақ Үкімет келер жылдың бірінші нақтылау кезінде жоғарыда айтып өткен аудандарда жүзеге асатын 10 әлеуметтік жобаның қаржысына 16 млрд.теңге қарастыратын болды.

Осылайша, Түркі жұртының рухани астанасы - Түркістан қаласымен бірге шалғай орналасқан аудандар да көркейіп келеді. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстардың барысымен танысты. Жаңарған мектептерде ғаламтор желісіне қосылған компьютерлер қойылып,үлкен спорт залы мен қажетті құрал-аспаптармен жабдықталған технология кабинеттері ашылған. Айналасы абаттандырылуда. Ауданда 5 мектепте күрделі жөндеу жріп жатыр. Әкім орынбасары Жетісай қаласындағы күрделі жөндеуден өткен орта мектепті аралап, талапқа сәйкестендіруді тапсырды.

«Облыс бойынша білім ұялары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жұмыстар арнайы сараптама комиссиясының қорытындысы бойынша жүреді. Әсіресе шалғай ауылдарда орналасқан мектептер жаңарып жатыр. Стандартқа сәйкес жөнделіп, талапқа сай болуы – басты шарт. Сондай-ақ, әжетханаларды мектептердің ішінен салу жағы да талапқа сәйкес болу керек. Бұл тұрғыда Кентау тәжірибесін негізге алсақ. Онда білім ұяларында 7 млн теңгеге модульді түрін орналастыруда. Бағасы мен сапасы жағынан тиімді», - деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Облыс бойынша жергілікті бюджет есебінен 8, облыстық бюджеттен 5, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 9, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 12 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Облыстық бюджет қаражаты есебінен биыл Түркістан өңірінде 52 жаңа мектеп бой көтерді. Жаңа білім ұялары келер жылы пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, Түркі әлемінің рухани астанасының дамуымен бірге облыс орталығының барлық аудандары өркендеп келеді.