ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданы 2023 жылға дейін 100 пайыз газбен қамтылады

0
2 497

Темірланда газ жүйесі іске қосылды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданы 2023 жылға дейін 100 пайыз газбен қамтылады

Ордабасы ауданының 55 жылдығы аясында аудан орталығы Темірланда газ жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы темірландықтарды қуанышымен құттықтап, алдағы уақытта аудан толығымен газбен қамтамасыз етілетінін айтты. Аудандық, Қажымұқан ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Т.Әбдіқайымұлы мен І.Жүсіп газ жүйесін кіргізуге атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын жеткізді. Бұдан соң аудан басшысы Жақсылық Ергешовтың отбасында болып, газға оттық жақты.
Бүгінге дейін көгілдір отынды аудан халқының 8,2 пайызы ғана тұтынып келген. 5 елді мекеннің тұрғындары атап айтқанда Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Теспе, Ықыластемір елді мекендері және Бадам ауылының бір бөлігі кәсіпкерлер есебінен табиғи газбен қамтылған болатын. Енді темірландықтардың көкейіндегі ең күрмеулі мәселе шешімін тауып, газ құбыры пайдалануға берілді. Темірлан ауылында 4722 абонент табиғи газ құбырына қосылуға мүмкіндік алды. Бұл аудан тұрғындарының 18,5 пайызы.
Қажымұхан ауылы табиғи газ жүйесінің құрлыс-монтаж жұмыстарына 2019 жылға облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаралып, қазіргі таңда 10,5 шақырым газ құбыры орнатылды.
Көктөбе, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Енді облыстық салалық басқармаға құжаттары жолданып, құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға жұмыс жүргізілуде.
Амангелді, Ынталы, Батыр ата елді мекендеріне газ жүйесінің құрылысына ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 19,6 млн. теңге қаралды, құжаттары сараптамадан өткізуге ұсынылуда.
Сонымен қатар, Төрткөл, Қарақұм, Бөген, Жеңіс ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптамаға ұсынылды, 2019 жылы аяқталады.
32 ауылға (Қараспан а/о – 13 елді мекені, Төрткөл а/о – 9 елді мекені, Шұбар а/о – 6 елді мекені және Кемер, Шұбарсу, Бірлік, Жамбыл елді мекендері) табиғи газ құбырын жүргізуге ЖСҚ әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. 2020 жылы құжаттандыру жұмыстары аяқталып, құрылыс басталады деп күтілуде.
Қалған 8 елді мекенге Бадам, Ордабасы, Ақбұлақ, Дербес, Қарабастау, Мамыр, Дихан, Қалаш табиғи газбен қамтамасыз ету үшін сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалуда.
2023-жылға дейін Ордабасы ауданын 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етуге тиісті жұмыстар атқарылуда.