ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданында 18 ауылға газ беріледі

0
711

Өткен жылы 4 елдімекенге табиғи газ берілді.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданында 18 ауылға газ беріледі

Ордабасы ауданында көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 47,8%-ға жетеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданында өткен жылы 4 елдімекенге табиғи газ берілді. Биыл 18 елдімекен газбен қамтылып, көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 47,8% жетеді. Бұл туралы бүгін брифингте аудан әкімі Нұрбек Бадырақов мәлім етті.


Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осы ретте, биыл бірқатар елдімекендер көгілдір отынмен қамтылмақ. Олар - Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Төреарық, Көлтоған, Берген, Батыр ата, Ынталы, Аманкелді, Көктөбе, Елшібек батыр, Спатаев, Төрткөл, Қызылжар, Қарақұм елдімекендері.


«Бүгінгі таңда халықты сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 94,6% құраса, биыл жыл соңына қарай көрсеткіш 99% жетпек. Ауданның елдімекендері толық орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Ал автомобиль жолдары бойынша елдімекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 45%-дан 48%-ға жетті. Топырақ жолдардың үлесі 41,2%-дан 35,6%-ға төмендеді. Сонымен қатар, өңірде елдімекен көшелерінің 20,6%-ы жарықтандырылған», - деді Нұрбек Бақтыбайұлы.


Сондай-ақ ауданда былтыр 6 мектептің құрылысы жүргізіліп, 3 нысан пайдалануға берілді, 3-і 2023 жылға өтпелі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп құрылысы үшін жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі алынды. Биыл 300 орындық 1 мектеп құрылысы басталмақ.


Халықты жұмыспен қамту бойынша 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 4 685 адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 5,2% құраған. Биыл 6137 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып отыр.