​ТҮРКІСТАН: «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті

0
2 310

Оқиға желісінде қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай секілді батырлары қоштап, бүкіл ел бірігіп, шешуші айқаста ата жауын жеңген тұстары көрініс табады.


​ТҮРКІСТАН: «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті

Түркістанда «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасындағы «Рухани жаңғыру» залында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Отарбаев Мәлік Нұржанұлы, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен университет қызметкерлері мен студенттер қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2018 жылы Ордабасы тауындағы үш ел Президенттерінің тарихи кездесуіне және «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын» құру туралы Елбасы Жарлығының шыққанына 25 жыл толғаны белгілі.
Ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі мен адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндайтын «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген.

«Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмінде ел қорғаған баhадүрлеріміздің ерліктерін суреттей отырып, елдің бірлігін көрсету арқылы Асылжан есімді балақайдың елін, жерін қорғауға деген ұмтылысын жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді. Оқиға желісінде қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай секілді батырлары қоштап, бүкіл ел бірігіп, шешуші айқаста ата жауын жеңген тұстары көрініс табады.

"Аталмыш фильмнің мақсаты - жастарға үлгі- өнеге болар тұлғалардың өмірін насихаттау, қазақ халқының мақтанышына айналған батыр бабаларымыздың еңбекқорлығын, бірлікке деген құштарлығын паш ету, өскелең ұрпақтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, ынтымағын арттыру. Ордабасы оқиғасын насихаттау арқылы өз елін сүюге, тарихын білуге шақыратын бұл фильмнің балаларға беретін тәлім-тәрбиесі мол болмақ", - деді "Оңтүстікфильм" мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбеков.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деген болса, кеше ғана жарық көрген осы бағдарламаның жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдардың аса ерекше назар аудару керек екенін атап көрсетті. Жас ұрпаққа жан-жақты сапалы тәрбие беруде тарихымыздың орны ерекше. Ал оның ең төте жолы – анимациялық фильмдер екені белгілі.

Осы орайда республика бойынша сапалы кинотуындылар мен анимациялық фильм түсіріп жүрген бірегей «Сақ» киностудиясы өткен жылы «Күш атасы - Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін жұртшылық назарына ұсынған болатын. Мұның барлығы да облысымыздың барлық ауданында көрсетілді. Сонымен қатар республикалық «Хабар», «Асыл арна», «Балапан» және жергілікті «Оңтүстік», «Отырар», «Nar TV», «TVK» арналарында көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмдері мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикаясын көпшілікке ұсынады.

Дереккөз: Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі