ТҮРКІСТАН: Ордабасыдағы инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі

0
590

Әкім тұрғындармен кездесті.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыдағы инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі

Ордабасы ауданындағы ауылдардың инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев Шұбар және Шұбарсу ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған басқосуда аталған ауылдардағы инфрақұрылым мәселесі сөз болды. Шұбар ауылының тұрғындары Аққойлыдағы мектеп тапшылығы мен жайылымдық алқаптарын Арыс өзенінің суы шайып жатқандығын айтып, аудан басшысынан көмек сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі Бағлан Дәнебекұлы мектеп ғимаратының құрылысы биыл басталып, 2022 жылы толықтай пайдалануға берілетіндігін жеткізді. Ал, өзен арнасына қойылар бөгеттің жобалық жоспары жасалынып, тиісті мекемелерге жолданғандығын айтып өтті.


Алқалы жиында ортақ жайылым мәселесі бойынша да азаматтардың өтініштері тыңдалды. Ел Прзеидентінің 1 қыркүейектегі Қазақстан Халқына Жолдауында айтылған жайылымдық жерлерді шаруалардың пайдалануына беру мақсатында жыл соңына дейін аудан көлемінде тағы 5 мың гектар аумақ ортақ жайылымға қайтарылмақ. Айта кетсек, Ордабасыда жалпы 102 мың гектар жайылымдық жер болса, бүгінде оның 16 мың гектары ортақ жайылысқа берілген.


Сондай-ақ, Шұбарсу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімі ауылдың инфрақұрылым мәселесіне баса назар аударатынын тілге тиек етті. Атамекен, Шұбарсу ІІ ауылындағы электр бағаналары, су, газ құбырларына мемлекеттік бюджет есебінен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізілмек. Аудан әкімі ауылдарға автожол салудан бұрын коммуналдық мәселелерді (газ, су құбырлары, электр жарығы) оңтайландырып алу керектігін айта келе, ауылдастардың мәселесі кезең-кезеңмен шешімін табатындығын мәлімдеді.