Кәсіпкер жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ.
Отырар ауданында жүгері кластерін дамыту қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Отырар ауданында жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Ақтөбе ауылындағы жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС-не барып, шаруа қожалықтың жұмысымен танысты. Кәсіпкер жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ.
Бүгінгі таңда 320 гектарға, оның ішінде 220 гектар тың алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сортын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр.
Жүйек аралығына 70 см қашықтықты сақтай отырып, ғылымға негізделіп, егілген жүгерінің жаңа сортынан 2500 тонна өнім жинауды жоспарлап отырған кәсіпкер Нұрғали Мұрат жиналған өнімді жауын-шашынға қалдырмау үшін мобильді кептіру кешенін алып жатқанын тілге тиек етті.
Түркияның 5 қаласында болып, шаруалармен тәжірибе алмасқан кәсіпкер су тапшылығының алдын-алу, жаңа технологиялармен жүгері егудің әдістерін үйренгенін, келер жылы жүзеге асыратынын жеткізді. Сондай-ақ отырарлық диқандарға да пайдасы тисін деген ниетпен түрік ғалымдарын тәжірибесімен бөлісу үшін Отырар ауданына шақырып отырғанын да жасырмады.
Мұнан бөлек кәсіпкердің қолға алған бастамаларының бірі – құрама жем шығару кешені. Мал бордақылауға таптырмайтын жемнің құнары да ерекше болмақ. Себебі, жемнің құрамында қараот, жусан, жүгері, бидай болады. Шикізат көздерінен тапшылық болмайтынын және өндірілген өнімді елімізге және Орта Азия елдеріне экспортқа шығару мүмкіндігі жоғары екенін жеткізді. Осылайша, жаңа өніммен Отырарда шығарылған жаңа бренд қалыптасып, үлкен нарыққа жол тартпақ.