ТҮРКІСТАН: Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған дөңгелек үстелі өтті

0
593

Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл.


ТҮРКІСТАН: Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған дөңгелек үстелі өтті

Түркістанда Өзбекәлі Жәнібековті еске алуға арналған дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ұлт рухын ұлықтаған тұлғаның 90 жылдығына орай өткен шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова, Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, еліміздің белді қоғам, мәдениет және ғылым қайраткерлері қатысты. Ақтоты Райымқұлова салтанатты жиынды ашу сөзінде биыл Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланғандығын ескертіп, елімізде рухани қазынамызды сақтап, ұрпаққа жеткізуді көздейтін мемлекеттік деңгейдегі түрлі бастамалар тұрақты түрде қабылданып келетіндігін жеткізді.


Сонымен қатар, министр Өзбекәлі ағамыз XX ғасырдыӊ 70-ші жылдары Кеңес үкіметінің дәуірлеп тұрған уақытында Қожа Ахмет Ясауи кесенесініӊ қайта қалпына келтірілуіне ұйытқы болып, әулие кесенесі негізінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына орасан зор еңбек еткендігіне ерекше тоқталды. Айтып кету керек, ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына ерекше үлес қосқан қайраткерді ұлықтай мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдан бері Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлдені тағайындап келеді.


Бүгінде Түркістан облысында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығына қарасты Арыстанбаб кесенесінің іргесінде Яссауи ілімін жалғастырушы Құрбан Жаманбайұлы мен Өзбекәлі Жәнібековтың кесенесі орналасқан. Бұл кесенелер Отырар музей-қорығының аумағында болуына байланысты А. Райымқұлова Мәдениет комитетіне аталмыш музей-қорығының қарамағына алу бойынша жұмыстарды жүргізуді тапсырды.


Өзбекәлі Жәнібековты еске алу шаралары тақырыптық көрменің ашылуы, профессор Құлбек Сәрсенұлының «Ұлттың ұйытқысы» атты Ө.Жәнібеков туралы естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі және «Тұран» этнографиялық тобының концертімен жалғасты.