Бүкіл саналы ғұмыры ұлт мәдениетінің өркендеуіне арналған абзал ағамыздың мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтуде.
Отырар ауданында Өзбекәлі Жәнібековтің мерейтойына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ұлт руханиятының көшбасшысы, қазақ мәденеті мен өнерінің жанашыры, музей ісінің білгірі Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы орайда Отырар ауданы орталығында орналасқан Өзбекәлі Жәнібеков атындағы лицей-интернатында мерейтой иесіне және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған игілікті іс-шара болып өтті. Жиын Өзағаңның ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Айдос Мәулен мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық - музейінің директоры Жангелді Махашовтар гүл шоғын қойған соң оқушылар ұлт қайраткеріне арнап өз өлеңдерін оқыды. Мұнан соң қонақтар мектеп ғимаратында орналасқан көрмеге бет алды. Көрмеге қайраткердің тұрмыста және қызмет бабында қолданған мүліктері, өзінің төл туындыларымен қатар шәкірттері мен замандастарының Өзағаң туралы жазылған естелік кітаптар қойылған. Мектептегі мазмұнды іс-шарадан соң мәртебелі меймандар Сапар орталығына атбасын бұрып, "Өзбекәлі Жәнібек - Ұлт мәдениетінің жанашыры" тақырыбында өтетін республикалық ғылыми- тәжірибелік онлайн конференциясына қатысты. Конференцияны музей директоры Ж.Махашов жүргізіп отырды.
Жиында А.Мәулен сөз алып, қайраткердің өмірбаяны мен қызметіне тоқталып, конференцияның өз деңгейінде өтуіне тілектестігін білдіріп, қатысушыларға алғыс сезімін жеткізді. Конференция барысында сөз алған Өзекеңнің бауырлары Артықбай Үсембай, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдахан Әлібек, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, білім беру ісінің үздігі Айғаным Абанқызы Серімдер ұлт мәдениеті жанашырының ғибратты ғұмыр жолдары жөнінде тереңнен ой қозғап, іс-шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Конференцияда сондай-ақ Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымының кандидаты, Қазақ ұлттық хореграфия академиясының профессоры Тойған Ізім, Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының бас қор сақтаушысы Жанар Қалиева, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ғылыми- зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мырзабай Омарлар баяндама жасады.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың құттықтау хатын мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков оқып берді. Сөйтіп, кеш қатысушылары Өзбекәлі Жәнібековтың құрметіне орай ұйымдастырылған мазмұнды іс-шарадан көкейлеріне көптеген құнды мәліметтер түйіндеп қайтты.