ТҮРКІСТАН: Өзбекстандық компания бірнеше кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр

0
680

15-ке жуық кәсіпорындарында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмысшысы бар.


ТҮРКІСТАН: Өзбекстандық компания бірнеше кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр

Өзбекстандық ірі компания Мақтаарал ауданында бірнеше кәсіпорын ашуды көздеп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі - "Global textile" компаниясы биылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.


Қазіргі таңда аудан әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға тарату, ол үшін заң аясында қажетті келісім-шарттар жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 2-3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық "Сұлтан" және "Наманган" тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.


Бүгін "Ақ алтын" мәдениет үйінде "Global textile" компаниясы мен мақтааралдық шаруалар кездесу өткізіп, өзара пікір алмасты.


Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров ауданның негізгі шаруашылығы саналатын мақта саласын дамыту және мақта талшығының бағасын тұрақтандыру үшін аудан басшылығы тарапынан инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Облыс әкімі Д.Сатыбалдының және аудан басшылығының қолдауымен ауданға келген инвесторлардың бірі - осы "Global textile" компаниясы екенін айтты. Сондай-ақ, ауданға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жалғасатынын еске салды.


Іс-шарада компанияның өкілі Дәулет Тұрсынбаев арнайы презентация жасап, "Global textile" компаниясының тарихы, қазіргі жағдайы және алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндады.


"Global textile" компаниясы мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитынын атап өтті. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорындарында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмысшысы бар.


"Кәсіпорынның ендігі мақсаты - Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған "Global textile. Turkistan" жобасын дайындадық. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады" - деді, компания өкілі.


Жиын соңында шаруалар тарапынан компания өкілдеріне сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.