Ол мемлекеттен әлеуметтік көмек алып беруге уәде еткен.
Түркістан облысының полицейлері атаулы әлеуметтік көмек әперемін деп ақша алған алаяқты қолға түсірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шардара ауданында ер адам көпбалалы ананы мемлекеттік жәрдемақыны әперем деп алдап, ақшасын қайтармаған.
Шардара АПБ-нің кезекшілік бөлімшесіне бірнеше тұрғын хабарласып белгісіз азаматтың оның ақшасын алдау тәсілімен алып, қайтармай қойғандығын айтқан. Арызданушылардың бірі 2019 жылдың мамыр айында жергілікті тұрғын көпбалалы аналарға беріліп жатқан жәрдемақыны алу үшін танымайтын, алайда өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған азаматқа 50 000 теңгесін беріп, мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып беруге көмек сұраған. Тап сол күні аудандық полиция бөліміне екінші жәбірленуші арызданады. Ол да белгісіз азаматқа 70 000 теңге беріп, мемлекеттік жәрдемақыдан қомақты қаржы алып беремін деп сендірген адамның ақшасын қайтармай жатқандығын хабарлаған.
Аталған жайт, Шардара АПБ ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынып, тергеп-тексеру тобын құрылды. Тәжірибелі мамандар жәбірленушілерден тиісті сұрақ-жауаптар алып, тыңғылықты тексеріп, қажетті шаралардың нәтижесінде күдіктінің түр-тұлғасын анықтап, жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғынды құрықтады.
Ұсталған азамат отбасылы, бұрын-соңды сотты болмаған. Күдіктіге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.