Жарыс женімпаздары мен жүлдегерлері медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Параолимпиадашылар арасында спортшылар арасында «Сауран» клубының ашық біріншілігі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда Әз-Наурыз мерекесіне орай дойбы, үстел теннисі және пара пауэрлифтингтен «Сауран» спорт клубының ашық біріншілігі өтті. Көру қабілеті төмен және тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы сайыста 40-қа жуық пара спортшы бақ сынады.
Жарыстың салтанатты ашылуында Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова мен Түркістан қалалық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нышанбай Құдайбергенов құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен облыс орталығында Ұлыстың ұлы күні мейрамы қарсаңында спорттық шаралар өткізілуде. Өздеріңізге мәлім, облыс орталығында марафон, «Денсаулыққа 10 мың қадам» денсаулық акциясының өткізілуі соның дәлелі. Спорттық шаралар легі пара спортшылар арасында да өз жалғасын табуда», - деді облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының директоры Абай Қазиев.
Жарыс қорытындысы бойынша дойбы сайысында ерлер арасында Мәулен Алдабергенов, әйелдер арасында Сәуле Абуова, үстел теннисінен 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында Дамир Пак, ересектер арасында Мақсат Қыдырша жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, пара пауэрлифтингтен Бағланбек Оңалбек +75 келі салмақта, Жаңабай Кенжетаев 75 келіге дейін, қыздар арасында Гүлбану Исабекова +75 келі салмақта, Ақтолқын Сейлбекова 75 келіге дейінгі салмақта 1-орынды иеленді. Жарыс женімпаздары мен жүлдегерлері медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.