ТҮРКІСТАН: Полицейлер мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады

0
1 168

Ордабасы ауданында әккі ұрылар 10-нан астам жергілікті тұрғынның ауласынан малдарын үптеп кетті.


ТҮРКІСТАН: Полицейлер мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады

Ордабасы АПБ-нің криминалды полиция қызметкерлері жедел-алдын алу шаралары аясында аудан аймағында мал ұрлықтарына күдікті болған қылмыстық топтың жолын кесті - деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Полиция бөліміне 10-нан астам жергілікті тұрғын аулаларынан белгісіз біреулердің малдарын алып кетіп жатқандығы туралы арызданады.

Мәселен, ағымдағы жылдың наурыз айында полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі ауласынан бейтаныс тұлғалардың 100 мың теңгені құрайтын бір бұзауын қолды еткендігін айтады. Аталған жайт Ордабасы АПБ-нің ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «ұрлық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.
Ордабасы АПБ мал ұрыларын ашу мен құрықтау үшін полициядағы тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобын құрды. Бірнеше мобильді топ жақын маңның барлығын аралап, ауыл тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, мал тасымалдайтын автокөліктердің барлығын тексеріп, аймақтарды тінтіп шығу бойынша бірқатар шараларды іске асырды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аудан полицейлері Шымкент қаласы мен Ордабасы ауданының, 5 жас жігіттерден құралған қылмыстық тобын, сондай-ақ ұрланған затты сатып алушыны да құрықтады. Олар түн ортасында шаруашылықтан бұзаулар мен қойларды алып кеткен. Өткен жылдың күзінен бастап ұрлықтарын іске асырған.
Қазіргі таңда күдіктілердің мал ұрлығына байланысты 15 жайтқа қатысы бар екендігі тергеу барысында дәлелденді. Жәбірленушілерге 2 миллион теңгеден астам материалдық шығын келген.
Тәртіп сақшылары ұрланған заттардың бір бөлігін, яғни 18 қой мен тананы заңды иелеріне қайтарды. Өз кезегінде, Шұбарсу ауылының тұрғыны жәбірленушілердің бірі Айгүл Махамбетова, полицейлерге ұрланған 7 қойын қайтарып бергені үшін алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріңізді сақтауда ұқыптырақ болуды естеріңізге салады. Төрт түлік ұры-қарының жемтігіне айналмас үшін бос жайылымдарда қараусыз қалдырмай, қора жайларды бекітіп, қойшы жалдап болса да бақылауда ұстау керектігін айтады. Оған қоса малдарға ен мен таңба жасатуды да ұмытпау қажет. Ұрлық орын алған сәтте дер кезінде уақыт жоғалтпай полицейлерге хабар берулеріңізді, бұл өз кезегінде қылмыскерлердің ізін суытпай құрықтауға үлкен көмегін тигізеді.
Егер де сіз кез-келген қылмыстық оқиғаның куәгері немесе құрбаны болсаңыз тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі