ТҮРКІСТАН: Полиция қызметкерлері көпбалалы отбасыларға азық-түліктер таратты

0
1 090

Түркістан облысының полицейлері қиын да қауіпті күнделікті жұмыстарынан бөлек, әрдайым көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап тұрады.


ТҮРКІСТАН: Полиция қызметкерлері көпбалалы отбасыларға азық-түліктер таратты

Түркістан облысы полицейлері көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына көмектесіп, қайырымдылық жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қайырымдылық әрекеті – кез келген адам бойынан табыла бермейтін ең ізгі қасиеттердің бірі. Ол үшін әрбір пендеде адамгершілік, жанашырлық, жомарттық секілді мінездер болуы қажет-ақ. Аталмыш қасиеттердің барлығы бойынан табылатын Түркістан облысының полицейлері қиын да қауіпті күнделікті жұмыстарынан бөлек, әрдайым көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап тұрады.
Қазіргі таңда әлемді дүрліктірген індетке байланысты Түркістан облысында карантин жарияланып, жұмыстар тоқтап, біраз отбасыларына оңайға соғып тұрған жоқ. Күнделікті тұмысқа қажетті азық-түліктерге мұқтаждар да бар арамызда. Осы тұста, Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының қолдауымен, «Біз біргеміз» акциясы аясында, департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі А.Қалдарбеков және Анықтау басқармасының қызметкерлерінен құрылған арнайы топ, қаладағы көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына бірінші кезекте керекті азық-түліктер таратып, жәрдем етті.
Осылайша, полицейлер тарапынан тағы бір ізгі амал жасалды. Өз кезегінде жәрдемге ие болған аналар полицейлерге ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.
Ал, полицейлер болса: «Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндеті болса да, жұртшылыққа бар жағынан жанашыр болу біздің - парызымыз деп есептейміз. Қажет болса, азық-түліктей, киімдей, қаржылай көмектесеміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек” – деп атап өтті өз сөздерінде.