89 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған.
Түркістандық тәртіп сақшысы жетім балаларды қамқорлығына алды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Жетісай ауданы полицейлерінің бастамасымен аудандағы сот, прокуратура, кірістер басқармасы мен білім бөлімінің қызметкерлері және діндарлармен бірге дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жетісай АПБ бастығының орынбасары Сәкен Жайлыбаев көпбалалы отбасыларды қамқорлыққа алу туралы шешімді сақшылар бірауыздан қабылданғанын жеткізді.
«Ендігі уақытта ол балалардың қатарынан қалмай, ешнәрсеге мұқтаж болмай өсуі үшін, болашақта қалаған оқу орнына түсіп, мамандық иесі атануы үшін жағдай жасаймыз. Олардың туған күндеріне арнайы сый-сияпаттарымызбен бірге барып, құттықтап, өзімізде ұйымдастырылған іс-шараларға шақырып, қатыстырып, көңілдеріне қаяу салып алмай, өз қамқорлығымызды біртіндеп іске асыратын боламыз», - деп мәлімдеді полиция полковнигі.
Жетісай ауданында барлығы 70-тен астам орта оқу орны, төрт колледж, университет және екі мектеп-интернат жұмыс істейді. Барлық оқу орындарына жергілікті ювеналды полициясының 20 қызметкері бекітілді. Есепте тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан, денсаулық жағдайы бойынша жеке бақылауды қажет ететін 280 оқушы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 89 бала тұр.