ТҮРКІСТАН: Республикада ешкі сүтін өндіретін ең ірі кәсіпорын - Ордабасы ауданында

0
3 728

Кәсіпорында бүгінде 1200 ешкі бағылып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Республикада ешкі сүтін өндіретін ең ірі кәсіпорын - Ордабасы ауданында

Республика бойынша бір мезетте 96 ешкі сауатын ең ірі кәсіпорын Ордабасы ауданында орналасқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Ордабасы ешкі сүт өнімдері» өндірістік кооперативі асыл тұқымды шаруашылығымен айналысуда. Аталған өндірістік кооператив «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Қазіргі таңда Голландия мемлекетінен «Заанен» асыл тұқымды ешкілер алынып, бүгінде мал басы 1200-ге жеткен. Ал оның 330-ы сауылып жатыр.

«Бұндай кәсіпорын Өзбекстанның Әндіжан қаласында бар. Онда бір мезетте 48 ешкі сауылады. Ал, бізде 96 ешкі сауылады. Республика бойынша ең ірі болып саналады. Ешкілерді күніне екі рет сауамыз. Голландиядан әр ешкі 418 мың теңгеге әкелінген, қазірде 6 айлық ешкі лағын 150 мың теңгеге саудалаудамыз», - дейді "Ордабасы ешкі сүт өнімдері» басқарушысы Тимур Мұратов.

Қазіргі таңда кәсіпорын толықтай іске қосылмаған, тек мини-цех жұмыс істеп тұр. Онда қаймақ, айран, сүт, құрт, сарысу, йогурт өнімдері шығарылуда. Өндірілген өнімдер қаладан түскен өтінімдер бойынша ғана шығып жатыр. Қыркүйек айында италиялық сыр өңдеу зауытын іске қосып, сыр, ірімшік түрлерін шығаруды қолға алмақ. Сонымен қатар, алдағы уақытта 600 бас «Альпийский» ешкі түрін алып келуді де жоспарлап қойған.

«Ордабасы ешкі сүт өнімдері» өндірістік кооперативі «Қазақ тағамтану академиясы» мекемесімен келіссөздер жүргізуде, өнім мақұлданса, Шымкент қаласының балабақшаларын ешкі сүтімен қамтамасыз етуді көздеп отыр.