ТҮРКІСТАН: Сайрамда 6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған

0
980

Мүмкіндігі шектеулі 168 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда 6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз немесе жұмыссыз азаматтарды, өз бетінше жұмыс атқаратындарды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдем берудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеген болатын. Бұл – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмыстарының негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі. Осыған орай, Сайрам ауданында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға тарту жөнінде тындырымды тірліктер атқарылып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мәселен, 2018 жылы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 1 млрд. 721,8 млн.теңге қаржы жұмсалса, оның ішінде 889,9 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 16,8 млн.теңге тұрғын үй жәрдемақысы төленді.

Жалпы, аудан бойынша аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедектер және ардагерлерге тиісті әлеуметтік көмектер өз деңгейінде көрсетіліп келеді.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы 5791 адам жұмыспен қамтылды.

Аталған бағдарлама негізгі үш бағыттан тұрса, оның біріншісі - еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 340 адам 10 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылып, кәсіптік мамандық алған 320 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарламаның екінші бағыты саналатын «Бастау-бизнес» жобасына 156 адам қатысып, олар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 111 адам шағын несие алса, жаңа бизнес-идеяларды іске асырған 11 кәсіпкерге 2,4 млн. теңге гранттар берілді. Ал, бағдарламаның үшінші бағыты аясында 3751 адам тұрақты және уақытша жұмыстармен, 538 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. «Жастар практикасына» 461 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 293 адам, 385 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Мүмкіндігі шектеулі 168 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі