ТҮРКІСТАН: Сайрамда жаңа мөлтек аудан пайда болады

0
588

Дархан Сатыбалды Қарасу ауылдық округіндегі 57 га жер теліміне салынатын жаңа құрылыс аумағының бас жоспарымен танысты.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда жаңа мөлтек аудан пайда болады

Сайрам ауданында тағы бір мөлтек аудан құрылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Халық саны артқан Сайрам ауданында тағы бір мөлтек аудан құрылады. Жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанады. Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қарасу ауылдық округіндегі 57 га жер теліміне салынатын жаңа құрылыс аумағының бас жоспарымен танысты. Аудан әкімі Арман Сәбитов өңір басшысына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен таныстырды.


Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй (2940 пәтер), әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда. Ғимараттың жалпы ауданы – 271 262,0 м2. Осы жылы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы басталады деп көзделуде. Бас мердігер «МПК-Проект» ЖШС-гі тарапынан инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттары дайын. Нәтижесінде, 11 760 адам баспанамен қамтамасыз етілетін болады.


Өңір басшысы Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, салынатын нысандардың сәулеттік үлгілерін талқылады. Сондай-ақ аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына инфрақұрылымдық жүйелерін жоспарға сәйкес жүргізу керектігін тапсырды.


Мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде. Бүгінде 11 аумақтық округке бөлінген Сайрам ауданының тұрғындарының саны 238 016 мың адамды құрайды. Жалпы ауданда 42 елдімекен бар. Айта кетейік, ауданда биыл мемлекет тарапынан екі нысан бой көтермек.


Сапар аясында облыс әкіміне өткен жылы құрылған «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі таныстырылды. Мекеме экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да атсалысуда. Ауданды абаттандыру, көгалдандыру, ретсіз қоқыстардан тазарту және көше жарық шамдарын күтіп ұстау секілді жұмыстар жүктелген коммуналдық мекемені 28 техникамен қамту көзделген.