«Интерактивті қолжетімділік карта» (inva. gov.kz) порталына енгізіліп, бұл бағыттағы жылдық жоспар 52,3 пайызға орындалған.
Сайрам ауданында 44 нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына бейімдеуге қатысты жұмыс жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібекұлы «Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы» бойынша санақтан өту жұмыстарының барысы мен «Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру» сапасын жақсарту мақсатында «Қолжетімді Түркістан кешенді іс-шара жоспарының орындалу барысы бойынша лездемелік мәжілісін өткізді. Аудан басшысы төрағалық еткен жиынға ауыл округінің әкімдері, дербес бөлім басшылары қатысты.
1 қыркүйектен sanaq.gov.kz сайты жұмысын бастады, онда ел тұрғындары 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Ал мамандардың дәстүрлі жалпы аралауы 1-30 қазан аралығында өтеді және белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлер үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалана алады. Сайрам ауданында 38 инструкторлық нұсқаушылық санақ учаскелері құрылды. Ал негізгі санақ процесі жұмыстарын жүргізу үшін Түркістан облысының Сайрам ауданы бойынша 318 адам, оның ішінде 13 уәкіл, 38 нұсқаушы-бақылаушы, 267 интервьюер жұмысқа тартылды. Қазіргі таңда 36 нұсқаушы-бақылаушы 230 интервьюер жұмыс істеп жатыр. Онлайн халық санағынан өткендер аудан бойынша 78 500 адам – яғни, тұрғындардың 35,4%-ын құрап отыр. Аудандық АСБ басшысы Б.Нұршайықова өз баяндамасында осындай мәліметтерді жария етті.
Аудан басшысы халық санағының аса маңызды науқан екенін нақтылады. Осы ретте, жұмыс сапасының төмен екенін сынға алып, «Сөзбен жүруді емес, нәтижелі жұмысты көрсетуді қашан үйренесіздер?», - деп жүйелі жұмысты талап етті.
Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 44 нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайына бейімдеуге қатысты жұмыс жоспарланған. Олардың арасында құрылыс нормаларына сәйкес пандустар, дәретханалар, зағип жандарға арналған бағыттаушы белгілер және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеңіл автомобильдерді уақытша қоюға арналған арнайы белгілерді орналастыру жұмыстары бар. Бүгінде 23 мектептің ерекше адамдарға қолжетімділігіне қатысты ақпарат «Интерактивті қолжетімділік карта» (inva. gov.kz) порталына енгізіліп, бұл бағыттағы жылдық жоспар 52,3 пайызға орындалған.