Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сарыағаш ауданында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендердегі құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау, ғимараттарды талапқа сай етіп, ел игілігіне беру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарының өтініші бойынша салынып жатқан Қарақалпақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын көрді. Еске сала кетсек, былтырғы жылдың есептік кездесуінде ауыл тұрғындары амбулаторияның жоқтығынан, көп жылдан бері аудан орталығына барып, ем-дом қабылдап жүргендерін жеткізген. Бүгінде ауыл азаматтарының бұл өтініші орындалуда.
«Бүгінде аудан аумағында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында дәрігерлік амбулатория құрылысына басымдық берілуде. Нысан құрылысы аяқталған соң тұрғындар орталыққа бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті осы дәрігерлік амбулаториядан алады», – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі жауапты мердігер мекеме басшысына бірінші кезекте құрылыс жұмыстарына қолданылып жатқан материалдардың сапасына аса мән бере отырып, нысанның құрылысын мерзімінен кешіктірмей аяқтау қажеттігін ескертті.
Айта кетсек, былтыр аталған нысанның іргетасы қаланып, бүгінгі таңда шатырын жабу жұмыстары жүргізілуде. Медициналық нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған соң бір ауысымда 25 азаматқа медициналық алғашқы көмек көрсете алады. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.