Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес.
Сарыағашта «Батаменен ел көгерер» тақырыбымен қариялар сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағашта аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» дәстүрлі батагөй қариялар байқауы өтті. Байқауға аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысып, ізгі лебізін арнады.
«Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген «Қарттары бар ел – қазыналы ел» демекші, ұрпақтарын ізгілікке жетелеп, ақ батасымен әр шаңырақты шуаққа жақсылыққа, бөлейтін қариялар – біздің асыл қазынамыз, даналықтың дариясы, абыз, асыл жандар! Сіздерге сәттілік тілеймін», – деді аудан басшысы.
Ұрпағын ізгілікке жетелеп, ақ батасымен әр шаңырақты шуаққа, жақсылыққа бөлейтін бұл сайыс 2010 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Қатысушы 20-ға жуық ақсақал қолданыстан шығып бара жатқан баталарды жатқа айтып, әрқайсысы әртүрлі номинациялар бойынша дипломдар мен арнайы сыйлықтар алды.
Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз ол – бата деп айтсақ еш қателеспейміз. Сонымен қатар халықтың ризашылығына ие болған мұндай іс-шара салт-дәстүрді дәріптеуде, жастардың рухани байлығын арттыруда маңызды орын алары сөзсіз.