ТҮРКІСТАН: Сарыағашта келіндер сайысы өтті

0
839

«Жақсы келін – шаңырақтың ырысы».


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта келіндер сайысы өтті

Сарыағашта «Жақсы келін – шаңырақтың ырысы» атты келіндер сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарыағаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай, «Жақсы келін – шаңырақтың ырысы» атты жас келіндер арасында байқау өтті. Аудандық байқауда Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары А.Қозыбаев жиналған көпшілікті келе жатқан наурыз мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. Отбасының ұйытқысы болған жас келіндерді ақылдылық пен парасаттылықтың, инабаттылықтың үлгісі ретінде өскелең ұрпаққа көрсету.


Аталған шарадаға ауданның 9 келіні қатысып, бақтарын сынады. Қатысушылар «Келіннің бір күні», «Ісмер келін», «Ұрпақ тәрбиесіндегі келіннің сәбилерге арнаған жырлары», «Ақылды келін – отбасының ұйытқысы» тақырыптарындағы тапсырмалар бойынша өнерлерін ортаға салды. Аса дайындықпен келген келіндер сайыста ерекшеліктерімен жұртты сүйсіндіріп, көптің көңілінен шықты.


Қорытынды бойынша тартысты сайыста І орынды Аликулова Гулфарида жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Жүсіпова Айжан иеленсе, ІІІ орынды Қасымова Толғанай қанжығасына байлады.


Байқауға қатысушы Исабекова Гулжамал «Іскер келін», Омарова Назгүл «Инабатты келін», Пернеева Феруза «Өнерлі келін», Мықтыбай Сандуғаш «Шебер келін», Еркінбек Назерке «Парасатты келін», Тұрғынбаева Айдана «Көрікті келін» номинацияларын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.