Шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған.
Сарыағаш шипажайларына келушілердің саны жыл өткен сайын артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданында шипалы минералды және термалды суларды пайдалану арқылы сауықтыру туризмі дамыған. Бүгінгі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарыағаш шипажайларына келушілердің саны жыл өткен сайын артып келеді.
Еліміздің әр аймағынан Сарыағаш шипажайларына сұраныс көп. Осы орайда, таяуда олардың қатары «Comfort KZ» шипажайымен толықты. Жаңа мүмкіндіктермен, жаңаша лепте жұмыс жүргізе бастаған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, лентасын қиды. Шипажайдың тынысымен танысқан аудан әкімі жеке кәсіпкер Шыңғыс Құрбановтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетсек, «Comfort KZ» шипажайының құрылысы 2021 жылы басталып, енді халық игілігіне пайдалануға берілді. Шипажай заманауи құралдармен жабдықталған, барлық талапқа сай, сыйымдылығы 80-100 адам. Аталған шипажайдың ашылуы негізінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі шешіліп жатыр.
Жалпы, Сарыағаш ауданында 3 мәдени тарихи нысан, 1 балалар шипажайы, 1 балалар лагері, 1 демалыс базасы және 55 емдік сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді.