Бүгінде жобаға көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алушы, мүгедектігі бар аналар қатысып, тігін тігуді үйренуде.
Сауранда тігін және жиһаз цехы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен Оранғай ауылдық округіндегі жаңа тігін цехының ашылу салтанатына қатысты. Тігін цехы аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен «Игілік» әлеуметтік жобасы арқылы қолға алынған. Бүгінде жобаға көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алушы, мүгедектігі бар аналар қатысып, тігін тігуді үйренуде.
Аталған ғимаратқа аудандағы жеке кәсіпкер «Sem-Brand» жиһаз фабрикасының басшысы Бабыр Абиловтың демеушілігімен 7 дана тігін машинасы алынған. Тігін тігуді үйренген 10 азаматшаны жеке кәсіпкер тарапынан тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Аталған жоба алдағы уақытта аудандағы барлық ауылдық округтерде қолға алынбақ.
БАҚ өкілдері кейін Жүйнек ауылдық округінде жаңадан ашылған «Asia Brand» жиһаз цехының жұмысымен танысты. Бүгінде кәсіпорында 30 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Негізінен тұрмыстық жиһаздарды өндіретін кәсіпорында жатын және қонақ бөлмеге, ас үйге арналған жиһаздар өндіріледі. Сондай-ақ, түрлі шкафтарды жасап шығарады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы - 10 000 дананы құрайды. Кәсіпорын басшысы Ұйғын Әбішевтің сөзінше, жиһаздарға отандық және түрік материалдары қолданылады. Сондай-ақ, фабрика өнімдері сапа менеджменті сертификатымен расталған. Бүгінде цех қызметкерлері жиһаздың сан түрін жасап шығарып жатыр.