ТҮРКІСТАН: Сауранда кедейлер саны азайып келеді

0
485

Биыл да 400-ге жуық отбасының табысын арттыру көзделіп отыр.


ТҮРКІСТАН: Сауранда кедейлер саны азайып келеді

Сауран ауданында 4 мыңға жуық тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек төленген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде Сауран 33 елді мекен сапалы ауызсумен қамтылған болса, биыл ондаған ауылды ауызсумен қамту бағытында жұмыстар атқарылмақ. Сонымен бірге, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту бойынша 32 жоба әзірленіп, оның жартысынан астамы мақұлданған. Оған қоса, былтыр 39 трансформатор жаңартылса, биыл тағы 20 құрылғы орнатылмақ. Ал, табиғи газбен қамту бойынша былтыр 10 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізген. Тағы төрт ауылдық округке табиғи газ тарту жобасы мақұлданса, биыл Бабайқорған, Майдантал және Жібек жолы ауылдық округтеріне газ құбырын жүргізу бойынша жұмыс жүргізіледі екен. Аудандағы жалпы қашықтығы 850 шақырымды құрайтын автокөлік жолының 65 пайызына асфальт төселген болса, биыл да жол сапасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп, аяқжол мен бірнеше көпір салынады. Отыздан астам ауыл түрлі деңгейдегі интернет желісімен қамтылған болса, биыл 8 ауылға базалық станция орнатылмақ. Бұл туралы өңір журналистерімен жүздескен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров айтып берді.


Аудан әкімінің айтуынша, 43,4 мың саурандық еңбекке жарамды. Былтыр 4 мыңға жуық тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек төленген болса, биыл бұл көрсеткіш үш жарым мың адамға дейін азайған. Яғни, өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 500-ге тарта азаматтың тұрмысы түзелген деген сөз. Биыл да 400-ге жуық отбасының табысын арттыру көзделіп отыр.


«Аудандағы 53 білім беру ұйымында 25 570 оқушы білім алып жатыр. 9 413 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Былтыр 42 мектепке дабыл батырмасы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. 28 мектепте мамандандырылған күзет қызмет көрсетіп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы 3 мектеп, 2025 жылы 2 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 300 орынды «Оқушылар сарайының» жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Аудан халқына 1 аудандық емхана, 1 бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы, 13 дәрігерлік емхана, 13 фельдшерлік–акушерлік бекет, 4 медициналық бекет пен 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс қызмет көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта аудан орталығында 500 науқас қабылдауға мүмкіндік беретін емхана және үш ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Ауданда 4 мәдениет үйі, 11 клуб, 29 кітапхана мен 1 спорт кешені бар. Былтыр ауданда 200-ден аса қылмыс орын алып, барлық істің мән-жайы анықталған. Жалпы, Сауран ауданын дамыту бағытында ауқымды жоспарларымыз бар. Басты міндетімізтұрғындардың тұрмысын жақсарту. Өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай дамуына ықпал жасап, жаңа кәсіпорындар ашу жұмыстарын жалғастыра береміз», - деді аудан әкімі сөз соңында.