Жергілікті биліктің басты міндеті - халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Сауран ауданында жалғасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Сауран ауданында жалғасты. Ашық форматта өтіп жатқан шара барысында өңір басшысы халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді. Облыс әкімі тұрғындарға жүргізілген жұмыстардың қорытындылары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы және өңірдің даму көрсеткіштерін баяндады. Аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша есеп берді. Аймақ басшысы атап өткендей, жергілікті биліктің басты міндеті - халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
"Сауранда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Бүгінгі есепті кездесуде қоғамдағы жүйелі сұрақтарды бірлесіп саралап, жоспарларды талқылаймыз. Алдыңғы есепті кездесуде бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана аранйы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгіздік. Келер жылы пайдалануға береміз",-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесуде саурандықтар өздерін толғандыратын сұрақтарын тікелей облыс әкіміне қойды. Халықтың басым бөлігі ауыз су, инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін көтерді. Дархан Сатыбалды әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Тұрғындарды белсенді болуға шақырып, маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды деп айтып өтті.
"Ауылдағы өзекті мәселелерді Сіздерден артық ешкім білмейді. Сондықтан белсенді болуға, түйткілді мәселелерді дер кезінде жеткізуге шақырамын. Маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды. Біз өз тарапымыздан оларды шешудің заңды тетіктерін қарастырамыз. Ауылды дамыту, көркейту, жұмыс орындарын ашу - әр әкімнің басты міндеті. Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 млн. теңгеге 14 жоба қаржыландырылды, 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр. Ауданда 7 кооператив құрылды. Биыл 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Жарты жылдың қорытындысымен 3 млрд. 948 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 6 есе артқан. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд. 460 млн. теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады",-деді облыс әкімі.
Түркістан облысы әкімі атап өткендей, Сауранның даму әлеуеті зор. Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Халықтың 88,9%-ы таза су пайдаланады. Биыл Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, 522 үй ауыз су жүйесіне қосылды. Тағы бірнеше елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Су жүйесімен қамтуға құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған 3 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары 8 елді мекенде жүргізіледі.
150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. 1 100 орынға арналған мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 5 мектеп салынады. Бірнеше балабақша салынып жатыр. Жеке инвестор есебінен күніне 500 адамды қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Шорнақ елді мекенінен тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына 9 гектар жер бөлініп, құжаттары әзірленуде.
Сауран ауданы тарихи ескерткіштерге бай өлке, ауданда 54 тарихи-мәдени нысандар бар. Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелеріне туристер қызығушылық танытып, көптеп келеді. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды 100 мыңдай турист тамашалаған. Туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары өз жалғасын табуда.
Ауданда Ескі Сауран қалашығы, Үкаш ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, Ескі Сауран қалашығының аумағынан 320 млн. теңгеге «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда қонақүй, тамақтану орындары, көрме орталығы болады. Жүсіп ата кесенесінен «Сапар орталығы» мен музей пайдалануға берілді. Биыл 5 жаңа жоба жүзеге асырылады. 100-ге жуық жұмыс орны ашылып, 90 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда.
Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі Сауран ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес басталды. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Жетісай аудандарының халқымен кездесті. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.