Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдай талаптарын бұзу жайттарын анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде.
Түлкібастық тәртіп сақшылары «Шақпақ» блок-бекетінде 13,5 мыңнан астам автокөлікті тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Президентінің 16-наурыз және 15-сәуір күндері аралығында төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлығына сәйкес, Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдай талаптарын бұзу жайттарын анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде.
Мысалы, Түлкібас ауданы Шақпақ ауылының жанында орналасқан бақылау блок-бекетінде Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері тәулік бойы короновирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет етіп, алдын алу іс- шараларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, полицейлер мен медицина қызметкерлері бірлесіп 19-31 наурыз аралығында 13 941 автокөлік, оның ішінде 7925 жеңіл көлік, 1035 жолаушылар тасымалдайтын және 3729 жүк көлігін тексерді. Оған қоса 35 941 азаматты тексеріп, олардың деректері арнайы журналдарға енгізіледі. Полицейлер барлық көліктердің құжаттарын тексеріп шығуда.
Қазіргі уақытта Шақпақ блок-бекетінде жүргізушілер мен жолаушылар арасында короновирустық инфекциямен ауыратындар дерегі анықталған жоқ.
Атап өтсек, осы бағыттағы профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғастырылатын болады. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға төтенше жағдай режимін қатаң сақтауға кеңес береді және облыс тұрғындарын елдегі жағдайға жауапкершілікпен қарауға шақырады.