ТҮРКІСТАН: Шардарада мал ұрлығымен айналысқан топ қолға түсті

0
1 185

Аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын, шаруа қожалықтың иесі хабарласып, белгісіз біреулер 3 сиырын ұрлап кеткендігін айтып арызданады. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгеден асып отыр.


ТҮРКІСТАН: Шардарада мал ұрлығымен айналысқан топ қолға түсті

Шардара АПБ-нің криминалды полиция қызметкерлері «Арқан» жеделдетілген-профилактикалық іс-шарасы барысында мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған арыз Шардара АПБ-де сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, «Ұрлық» яғни ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Болған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында арнайы құрылған топ, тез арада іске кірісіп, қажетті деген барлық шаралар жасалынды. Полицейлер оқиға орнын тергеп-тексеру барысында «Газель» автокөлігінің дөңгелегінен қалған протектор іздерін көріп, малдарды машина тиеп әкетті деген шешімге келеді. Автокөлік іздері жедел іздестіру шараларын қолға алған тәртіп сақшыларын көрші Мақтарал ауданына алып келеді. Тәртіп сақшылары көше бойында «Газель» маркалы автокөлікті тоқтатады.

Тексеру барысында жүргізуші ұрланған малдарды тиеп алғандығы анықталады. Күдіктіні дереу қолға түсірген полицейлер, оның сыбайласын Шымкент қаласынан ұстайды. Ұсталғандардың екеуі де Түркістан облысының тұрғындары болып шықты, біреуі бұрында осы сынды қылмыс жасап, сотты болған. Айғақты зат ретінде олардан ұрланған малдар мен көлік алынды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер олардың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Өз кезегінде шаруа қожалықтың егесі полицейлердің шеберліктеріне, қылмысты дер кезінде ашқан қырағылықтарына алғысын білдіріп, малдарын қайтарып бергендері үшін рахметін айтты.