ТҮРКІСТАН: Шардарада республикамыздың білікті гинекологтары бас қосты

0
1 608

Шардарада “Тиімді перинаталды технологиялар” республикалық ғылыми - тәжірибелік конференция өтті.


ТҮРКІСТАН: Шардарада республикамыздың білікті гинекологтары бас қосты

Еліміздің түкпір - түкпірінен келген гинекология саласының дәрігерлері алғаш рет Шардара ауданында бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен Шардарада “Тиімді перинаталды технологиялар” республикалық ғылыми - тәжірибелік конференциясы өтті. Бұрын соңды болмаған ауқымды жиынға Нұр - Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан арнайы келген 100- ге жуық гинекология саласының білікті мамандары тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысына табан тіреді.

"Республикалық жиынның нәтижесі барлығымыз үшін тиімді болары сөзсіз. Жоғары деңгейлі медицина ұйымдары мамандарының шалғайдағы Шардара ауданында бас қосып, осы жерде білімін жетілдіруі осыған дейін болмаған жайт. Біз үшін бұл қуанышты сәт, мақтанарлық жағдай. Дәл осы Шардара ауданында соңғы 4 жылда бірде бір ана өлімі болмаған. Бұл біздің мамандардың үлкен жетістігі", - деді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Түркістан облысында жылына 50 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 5/1 бөлігі. Ел демографиясына елеулі үлес қосып келетін өңірде ауқымды жиынның өтуі заңды, делінді жиын барысында.
Ал Шардара аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерінің біліктілігі мен ондағы техникалық жабдықтау жағының алдыңғы қатарда екені дәл осы өңірде бас қосудың тағы бір себебі болып отыр. Шетелдіктер, атап айтсақ Литвалық мамандар жұмыстың қайнаған ортасы ретінде Түркістан облысын үлгі етеді, деп атап өтті Елордалық мамандар.

"Біз еліміздің білікті мамандарының басын қостық. Мұндай жиындар елеулі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Туу көрсеткіші бойынша елімізде алда келетін Түркістан облысында дәрігерлерге де салмақ түсетіні айдан анық. Дәл осы ретте сіздердің дәрігерлеріңіздің кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығын айта кетсем. Түркістан облысы - үлгі аларлық өңір. Бұл басқосуда тиімді перинатальды әдістерді енгізу мен тәжірибе алмасу барлық өңір мамандары үшін аса маңызды", деді Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мирзахметова.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының бас сарапшысы Жанар Садуова мен Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мирзахметова бастаған қонақтар Түркістан облысының дәрігерлерімен бірлесіп ана мен нәрестелердің дансаулығын нығайту, ана мен перинаталды өлім-жітімді азайту мақсатында тиімді перинаталды технологияларды енгізуге қолдау көрсету мен жүкті әйелдерге антенаталды көмек беруге бағытында тәжірибе алмасуда. Жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған халықаралық технологиялардың дәлелді медицинасына негізделген тиімді перинаталды күтім, сәбидің туа біткен кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасау секілді маңызды мәселелер ортаға салынды.
Айта кетсек, ана мен сәби денсаулығы еліміздің демографиялық, экономикалық, еңбек, әлеуметтік, мәдени және қорғаныс әлеуетінің негізін қалыптастырады. Сондықтан да, ана мен бала денсаулығын қорғау – республикадағы денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі.

Шардара аудандық орталық ауруханасы, перзентхана бөлімі "Қазақстан Республикасында акушерлік - гинекологиялық көмекті көрсету стандарты" бойынша І деңгейлік перинатальды көмек көрсететін ұйым болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары мен ҚР ДСМ диагностика және емдеу протоколдарына сәйкес жүкті, босанатын және босанған әйелдерге жүйелі көмекті ұйымдастыру жұмыстары жетік меңгерілген. "Қауіпсіз жүктілік", "Тиімді перинатальды технологиялар" бойынша босануды жүргізу, жаңа стандарттарға сәйкес 3Н жүйесі бойынша аса ауыр жағдайлардағы көмек көрсету дер кезінде жүзеге асырылып келеді.
Босану бөлмерінде (индивидуальные родовые палаты), жүкті әйелге керекті жағдайлар толық жасалынған. ДДСҰ - ның ұсынысы бойынша босануды тігінен жүргізу мақсатында, жүкті әйелдерге қауіпсіз және ыңғайлы болуы үшін, ескіні заманауи талаптарға сай жаңарту мақсатында, "арқанға асылып босану" тәжірибесі қолға алынуда. 2017 жылмен салыстырған 2018 жылы босану саны 991 -ден 1063 ке артқан. "Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы", Алматы қаласы "Акушер - гинекология және перинатология ғылыми институты" және "Шардара аудандық ауруханасы" басшылық құрамының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау Министрлігінің қолдауымен Республикалық ғылыми - тәжірибелік конференция ұйымдастырылуы, өңіріміздегі ана мен бала ахуалының жақсаруына, әр шаңырақтың бала күлкісінің сыңғырына бөленуіне, еліміздің демографиялық көрсеткішінің өсуіне, ана және бала өлім көрсеткіштерін төмендету мақсатында жасалып жатқан үлкен қадам. Болашақта перзентхана бөлімінің жұмысын жаңа ІІ деңгейге көтеріп, жүкті әйелдерге аудан көлемінде босануға жағдай жасалынбақ.