Сайыста Түркістан облысының 500-ге жуық спортшысы күш сынады.
Шардарада армрестлингтен және гір тасын көтеруден облыс чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара қаласында армрестлингтен және гір тасын көтеруден ересектер, жастар, жасөспірімдер және жас жеткіншектер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев «Қол күрес спорты өңірімізге келгелі бері үлкен нәтижелерді көрсетіп, әлемдік деңгейге көтерілді. Осы орайда «Шардара Армспорт спорт» клубының негізін қалаған Арман Қарсыбаевқа алғысым шексіз» дей келе, барша жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Түркістан облысы бойынша гір спорты және армрестлинг федерациясының президенті Арман Қарсыбаев бұл чемпионат 2023 жылғы Республикалық, Әлемдік жарыстардың алдындағы алғашқы баспалдақ екендігін айтты. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен бірқатар спортшыларға Қол күресінен «ҚР спорт шебері» куәлігі табысталды.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық гір спорты және армрестлинг федерациясының арнайы төсбелгісімен бірқатар спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды.
Сайыста Түркістан облысының 500-ге жуық спортшысы бақ сынады. Нәтижесінде командалық есепте I орынды Шардара ауданы, II орынды Созақ ауданы және III орынды Түлкібас ауданы иеленді.