500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен жүгері дәнін терең өңдеу жобасы қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу жобасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен қолға алынды. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласына жұмыс сапарында жергілікті инвесторлармен кездескен өңір басшысы бірқатар жаңа жоба ұсынған болатын. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынатын Крахмал өңдеу зауыты. Жүгері дақылын терең өңдейтін зауытта 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Шардарадағы индустриалды аймақта болған облыс басшысы кәсіпкерлермен кездесіп, жұмыс барысын бақылады. Инвесторлармен құрылыс жұмыстары мен өндіріс орнының әлеуетін талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Инвесторлар зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүгері дақылын егуге арналған аумақтарды белгілеуде. Түркістан облысының оңтүстік аумақтарында мақтадан бөлек жүгері егуге бет бұру көзделген.
«Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Инвесторларға жағдай жасап, инфрақұрылымы бар тегін жер телімдерін ұсынып жатырмыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Түркістан облысында бірнеше зауыт, фабрика ашуды көздеп отырмыз. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізбек. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын көбейтуден басқа жол жоқ. Өзіндік табысты арттырмай, өңір де, мемлекет те дамымайды. Шардарадағы бұл зауыт талай отбасының табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Дархан Сатыбалды.
35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады.
Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.
Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін, мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығарады. Ал сірне – осы крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Зауыт бұдан бөлек крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны шығарады. Глюкоза алынатын шикізат тағы сол – крахмал.
Айта кету керек, зауыт глюкоза балшырынын өндіру кезінде генетикалық түрлендірілген шикізатты қолданбайды, бұдан тыс жүгеріні қалдықсыз қайта өңдеу циклын жолға қойған.
Кристалдық глюкоза таза тəтті, әрі тез сіңетін жоғары сапалы тамақ өнімі. Кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін, жеміс консервілерін, қоюлатылған сүт, балмұздақ жəне өзге де аспаздық өнімдерді шығару үшін осы глюкоза пайдаланылады.
Инвестиция көлемі – 31,2 млрд.теңге. Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде биыл дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде 2024-2025 жылдары крахмал-сірнесі зауыты құрылысын аяқтап, іске қосу көзделіп отыр.
Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ.