ТҮРКІСТАН: Сүт кластері бойынша 3 жоба жүзеге асырылып жатыр

0
492

Соның бірі – 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасы.


ТҮРКІСТАН: Сүт кластері бойынша 3 жоба жүзеге асырылып жатыр

Түркістан облысында сүт кластері бойынша маңызды 3 жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының өнеркәсіп саласы дамып келеді. Осы тұрғыда облыс әкімдігінің қолдауымен «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Соның бірі – 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасы. Бүгін өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «БНК АГРО КЗ» ЖШС құрылысын аралап көрді.


«Облыс экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Өңдеу өнеркәсібін өркендету – міндетіміз», – деді облыс әкімі.


Жобаның құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80% жеткізілді. «Қотырбұлақ» электр станциясынан ұзақтығы 5 км электр желісі тартылып, қуаттылығы 250 КВт және 100 КВт болатын 2 трансформатор орнатылды. Учаскеде 8 бірлік ұңғыма бұрғыланды.


Бұған дейін бірінші қораның іргетасын құю аяқталып, қораның еден жабыны құйылған. Қазір конструкциясы мен екінші Сүт сауу залы фермасының конструкциясы жинақталуда. Сондай-ақ үшінші қораның іргетасы мен еден жабыны, төртінші қораның іргетасы құйылып жатыр.


Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 га суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 га жерде 2 дана жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған.


Бұдан бөлек облыста жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясы тағы 2 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Оның бірі – «Бөрте Милка» ЖШС, яғни 403 басқа сүт тауарлы фермасын ұлғайту жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,8 мрд теңге. Қазіргі уақытта ферманың жаңа ғимаратының іргетасы аяқталуға жақын. Сондай-ақ жем-шөп сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қора конструкцияларына қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынды. Ордабасы ауданындағы бұл жоба биыл сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2 700 тонна сүт өндірілмек.


Сауран ауданында да сүт фермасы салынады. «Sultan Agro Group» ЖШС-нің 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны 4,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Ферма іргетасының құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, электр желілерін тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.


Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру моделін, оның ішінде сүт-тауар фермаларын ашу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында сүт-тауар фермаларын ашу жобалары жүзеге асырылуда. Аталған мақсатқа сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге 6 млрд. теңге қаржы қаралып «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы несиелендірілетін болады.