Облыста жылына 800 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі.
Түркістанда сүт шаруашылығын дамыту бағытында халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда «Aq Altyn» Қазақстанның сүт индустриясы І Халықаралық конференциясы өтті. Конференцияның бас серіктесі – «Clever Machines» компаниясы. Шара алаңына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Германия, Франция, Беларусь, Ресей және Орталық Азия, Кавказ елдерінің сүт нарығының жетекші сарапшылары жиналды.
Конференцияның пленарлық сессиясында Сүт нарығын зерттеу орталығының директоры Михаил Мищенко модераторлық етіп, бағдарламаны таныстырып, статистика бойынша мазмұнды ақпаратпен бөлісті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Халықаралық конференцияға арнайы қатысқандарға алғысын білдіріп, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артып жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда, ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмес мәселелердің бірі болып отырғанын айтып, конференция сүт өндірісімен айналысатын кәсіпорындарды біріктіріп, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге оңды нәтиже беретініне сенімді екенін жеткізді.
«Түркістан – аграрлық өңір, облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30 пайызын агроөнеркәсіптік кешені құрайды. Облыста 100 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы бар, 1 миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының Қазақстан Халқына арналған биылғы Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты болашағы зор бағыттарға басымдық беруді Үкімет алдына қойып, алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта облыста мал шаруашылығының дамуы елімізде жетекші орында келеді. Қаңтар-қазан айларына тиісті кезеңмен салыстырғанда мал мен құс басы және өнімділік орташа 5 %-ға артты. Облыс көлемінде сүт шаруашылығымен айналысатын 400 бастан жоғары – 2 («Бөрте Милка», ЖШС «Шаркул Фуд» ЖШС) заманауи тауарлы сүт фермасы, 50 бастан басталатын 32 сүт фермасы және 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жұмыс істейді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыста жылына 800 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі. Бұл республикалық көрсеткіштің 13 % құрайды. Сүт өнімін қайта өңдеумен облыста жалпы қуаттылығы 171 мың тонналық 25 шағын, орта және ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сүт өндірісін дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру мақсатында, биыл республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлініп, 400 бастан жоғары 3 бірлік сүт-тауарлы фермасының құрылыс жұмыстары басталды. Нәтижесінде жылына қосымша 10 200 тонна сүт өндіріледі.
«Aq Altyn» конференциясы әлемдік сүт нарығының жаһандық сын-қатерлерін және Қазақстанның индустриядағы орнын талқылаудан басталды.
«Әлемдегі сүт нарығының жағдайы және Қазақстан Республиканың әлемдік сүт картасындағы орны» тақырыбында Сүт нарығын зерттеу орталығының директоры Мищенко Михаил, «Қазақстанның сүт өнеркәсібі: 2023 және 2024 жылдардағы проблемалар мен міндеттер» тақырыбында Қазақстан сүт одағы директорының орынбасары Сәуле Жанкина, «Агро құзыреттілікті арттыру және ірі қара мал басын тұқымдық түрлендіру» тақырыбында Түркістан облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Асылан Ибадуллаев, «Қазақстанның сүт нарығын дамытудың негізгі міндеттері, трансұлттық компания» тақырыбында Danone Орталық Азия және Кавказ елдері үкіметімен және қоғамдық байланыс жөніндегі директоры Азамат Ромазанов төңірегінде баяндама жасады.
«Aq Аltyn» конференциясына қатысушылар бүгінгі күнің мәселелерін қалай жеңуге болатынын, жаңа мүмкіндіктерді қолданыста іске асырудың потенциалы секілді мәселелер бойынша сарапшылық пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, ертең Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Сүтті-тауарлы фермалар үшін «Сүт туры» сүтті мал шаруашылығын дамыту бойынша дөңгелек үстел өткізіледі. Конференцияға қатысушылар үшін бас әріптес – «Clever Machines» ЖШС тарапынан мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Керуен сарай» кешені мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына, «Ұлы дала елі» орталығына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, «Қылует» жерасты мешітіне, Шығыс моншасына экскурсия жасайды.