ТҮРКІСТАН: Тағы бір отбасы жәрдемақы көмегімен кәсіп ашты

0
1 541

Түлкібастық Ақнұр Дүйсенбаеваның отағасы мен баласы жиһаз сатып нәпахасын тауып отыр.


ТҮРКІСТАН: Тағы бір отбасы жәрдемақы көмегімен кәсіп ашты

Түлкібастық көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмектің арқасында жиһаз цехын іске қосып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түлкібас ауданының орталығы, Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Ақнұр Дүйсенбаева үй шаруасындағы көпбалалы ана. Қосағымен бірге 6 баланы өсіріп, тәрбиелеп отыр. Жолдасы, үлкен баласы екеуі аудан орталығындағы шағын цехта жиһаздар жасап, оны саудалап, нәпаха табатын. Қаражаттың тапшылығынан өз цехын аша алмай отырған болатын. Үкіметтен тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек жайлы хабар көңілдеріне үміт ұялатты.

Уақыт оздырмастан жергілікті әкімдікке тиісті құжаттарын өткізді. Көп ұзамай бұл отбасына Үкіметтен 1309116 теңге тағайындалып, бір бөлігі қолдарына берілді. Көкейлерінде жүрген мақсаттарын орындайтын сәт те келіп жетті. Яғни үйлерінің ауласынан шағын цех ашып, әкелі-балалылар түрлі жиҺаздар жасауға білек сыбана кірісті.

Тапсырысқа орай, үстелден бастап, орындық, диван, шифоньер, шкафтардың түр-түрін сапалы етіп жасауда. Қазіргі уақытта табыстары артып, берекелері кіріп отыр. Отанасы Ақнұр Дүйсенбаева Үкіметтің осылайша қолдау жасағанына отбасының атынан алғыс білдірді.

Бұған дейін аталған атаулы әлеуметтік көмектің арқасында Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылының тұрғыны көпбалалы ана Жібек Жұмабекова екі сауынды бұзаулы сиыр сатып алып күн көріс деңгейін жақсартып отырса, Қабанбай ауылының тұрғыны Гүлнар Таштемирова берілген көмекті пайдаланып 150 бас қаз құсын алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғанын жазған болатынбыз.