«Түркістан тарихы» көрмесі ашылды

0
1 140

Айнабек Оспановтың «Түркістан тарихы» атты кітабының таныстырылымы өтті.


«Түркістан тарихы» көрмесі ашылды

Түркістанда «Түркістан тарихы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Көркем академиясының академигі, халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты Айнабек Оспановтың «Түркістан тарихы» атты көрмесі ашылды. Рухани маңызы зор көрмені ҚР Мәдениет министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық Бейнелеу өнері музейі ұйымдастырды. Сонымен бірге көрме барысында Айнабек Оспановтың «Түркістан тарихы» атты кітабының таныстырылымы өтті.


Көрменің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, суретшілер және өнерсүйер қауым қатысты. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев кеш иесінің шығармашылығы мен еңбегін жоғары бағалап, оның өңірде суретшілер мектебін қалыптастырып жүргенін жеткізді. Түркістан облысында сурет өнеріне қолдау көрсетіліп, бірқатар іс-шара өткенін, танымал суретшілердің келгенін айтты.


Сондай-ақ, «Түркістан тарихы» көрмесінің ашылуында жазушы, «Алаш» сыйлығы мен «Барыс» орденінің иегері Мархабат Байғұт, Түрістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем Академиясының вице-президенті Ерлан Айтуаров және өзге де азаматтар құттықтау сөз сөйледі. Түркістандық әншілер әннен шашу шашты. Түркістан төріндегі көрмеге автор тарихи және рухани маңызы бар 50-ге жуық туындысын алып келген. Сондай-ақ Түркістан өңірінің танымал тұлғаларының портреттері, тарихи орындары да көрмеден көрініс тапқан.


Айнабек Оспановтың қаламынан туған суреттер Қырғыз Республикасы, Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Польша, Германия мемлекеттерінің бірнеше қаласында жұртшылық назарына ұсынылып, музейлері мен меценаттарына тапсырылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жеке көрмелері өтіп тұрады. Ойы терең автор тұрмыстық үйлесімділіктің бұзылуы, рухани құндылықтың төмендеуі, ұлттың түп-тамырынан айырылуы сынды келеңсіз құбылыстарға қарсылығын суреттері арқылы білдіріп, туған жерді қадірлеп, тарихты құрметтеуге үндейді.