ТҮРКІСТАН: Төлебиде ең жас көпбалалы отбасы тұрады

0
874

Олардың жанұясында екі рет егіздер дүниеге келген.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде ең жас көпбалалы отбасы тұрады

Төлеби ауданында ең жас әрі көпбалалы отбасы өмір сүреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданындағы Асановтар отбасы – ең жас көпбалалы жанұя. Бұл отбасында екі рет егіз балалар дүниеге келген. Отанасы, Мәдіхан Жанар Сәбитханқызының жасы небәрі 22-де болса, шаңырақ иесі Асанов Ерсұлтан Әсілбекұлы 29 жасқа толған. Жас отау иелері 2017 жылы шаңырақ құрып, бірінші егіздері 2018 жылы 23 тамызда дүниеге келіп, сәбилерге Медина және Алина есімдері берілген. Жанар сәбилерін қарап қана қоймай, акушер мамандығы бойынша білімін жалғастырып, оны 2020 жылы аяқтаған. Дәл осы жылы 4-ші шілдеде Диана және Раяна есімді екінші егіздері дүниеге келген.


Қазіргі уақытта Жанар бала тәрбиесі мен үй шаруасына көңіл бөліп отыр. Үлкен қыздары 3 жастан, кіші егіздер 1 жастан асқан. Отағасы да жұмыстан бос уақытында бала тәрбиесіне көңіл бөледі екен.


«Сәбилерім егіз болғандықтан, олардың күтіміне ата-енем көп көмек береді. Егіздер ата-анасына екі есе қуаныш сыйлап қана қоймай, сондай күтімді қажет етеді. Себебі, олар бір-бірінің әрекетін қайталап, екеуі бірдей жылайды, бірдей ойнайды. Олардың мінездерінде де ерекшелік бар. Сондай-ақ, олар бір-бірін қорғап, қамқор болып жүреді. Бірақ, біреуі ауырса екіншісі де сырқаттанып қалады. Егіздермен қоса үйдегі қарт әжеге де күтім жасаймын. 95 келген әжемнің батасын алуға тырысамын», - дейді балалардың анасы Жанар.


Айта кетсек, жас шаңырақ иелері былтыр жастар арасында "Үздік жас отбасы" номинациясының иегері атанған.