ТҮРКІСТАН: Төлебиде спорттық нысандар пайдалануға берілді

0
503

Кешеннің сыйымдылығы – 1200 адам болса, 700-ге жуық оқушы спорттың 8 түрімен шұғылданады.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде спорттық нысандар пайдалануға берілді

Төлебиде 100-ден астам балуан боз кілемде белдесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданына қарасты Бірінші Мамыр ауылдық округінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Кешенге Ұлттық қор есебінен 467 млн. теңге қаржы бөлінді. Кешеннің сыйымдылығы – 1200 адам болса, 700-ге жуық оқушы спорттың 8 түрімен шұғылданады. Аудан жастарын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, шығыс жекпе-жегімен кәсіби споршылар жаттықтырады.


Жаңадан пайдалануға берілген «Төлеби спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында алғаш рет спорттық сайыс өткізілді. «Басқа Мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының Ардагерлері мен мүгедектерінің» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 1992-2001 жыл 8 ақпан Тәжік-Ауған жерінен бітімгерлік әскерінің шығарылғанына 23 жыл толуына орай, қазақ күресінен Төлеби аудандық ашық біріншілігі өтті.


Спорттық жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қатысып, қазақ күресі – ұлттық спорт түрлері ішінен ойып тұрып орын алатын аса тартымды спорттың түр екенін атап өтіп, спортшыларға сәттілік тіледі.


Жастар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрімен айналысатын жас спортшылардың үлесін арттыру мақсатындағы кіші жасөспірімдер арасындағы дүбірлі додада әр салмақ дәрежесіндегі 100-ден астам спортшылар қатысты.


Спорттық сайыс қорытындысымен жас балуандарға диплом, кубок, бағалы сыйлықтар табысталды. Бұған қоса, Тәжік-Ауған жерінен бітімгерлік әскерінің құрамында болған ардагерлер мерекеге орай, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды.


Айта кетейік, аудан аумағында бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны биыл 50,4 мың адамды құрап, аудан халқының 41%-ға жетті. Ал тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 400 спорттық нысан жұмыс істейді.